Алмаз Ыдырысов Еуропалық одақ – Орталық Азия II экономикалық форумына қатысты
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов Алматыда өткізілген Еуропалық одақ – Орталық Азия II экономикалық форумына қатысып, шетелдік делегаттармен көлік-логистикасы және халықаралық көлік маршруттарын дамыту сынды бағыттарда аймақаралық байланыстарды арттырудың жолдарын талқылады.
Айталық, осы форумның аясында ұйымдастырылған «Еуропалық одақ – Орталық Азия сауда-көлік байланыстарын кеңейту» сессиялық отырысында ҚР ИИДМ басшысының орынбасары еуропалық әріптестерімен көлік дәліздерін дамыту, маршруттардағы кедергілерді жойып, Еуропа елдерімен өзара тиімді ынтымақтастықты арттыру мәселелерін қарастырды.
Мәселен, А.Ыдырысов Транскаспий халықаралық көлік маршрутының шығыс пен батысты байланыстырудағы перспективасы зор екенін, сондай-ақ оның инфрақұрылымын дамытуға байланысты жоспарлар туралы айтып берді. Бұл ретте вице-министр осы бағыттағы жобаларды іске асыру үшін, Еуропалық одақтың Global Gateway бастамасы аясында инвестициялар тартуға мүдделі екенін жеткізді.
Сонымен қатар А. Ыдырысов Латвия, Румыния және Финляндияның көлік және сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен кездесіп, екіжақты әріптестікті дамытудың мәселелерін пысықтады.
Тұтастай алғанда, Еуропалық одақ – Орталық Азия экономикалық форумы көлік саласындағы өзара жемісті қарым-қатынасты арттыруға жол ашты.