«Кітап оқитын отбасы»: әдеби квиз арқылы үш буынның рухани байланысы нығайды
16 қыркүйек күні Алаштың тұңғыш білім ордаларының бірі – М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде «Менің әлемім» оқырмандар клубының ұйымдастыруымен «Кітап оқитын отбасы» әдеби квиз ойыны өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасы Абай облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы бастаманы қолдау мақсатында колледж басшысы Шагангүл Алдамжарқызының ұйытқы болуымен өңірде алғашқылардың бірі болып «Кітап оқитын отбасы» жобасы М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде өз бастауын алды.
Жоба – колледжде бұған дейін жүзеге асырылып келе жатқан «Кітап оқитын педагог» және «Кітап оқитын студент» бастамаларының заңды жалғасы. Негізгі мақсат – ата-ана, педагог және студент арасындағы рухани байланысты нығайтып, кітап оқу мәдениетін отбасылық құндылық деңгейіне көтеру.
Әдеби квизге колледждің әр бөлімінен екі командадан қатысып, шет тілі бөлімі белсенділік танытып, төрт команда жасақтады. Нәтижесінде сайысқа жалпы саны 8 команда қатысты.
Ойынға қатысушыларға сайыстан он күн бұрын Қазақстанның халық жазушылары Қабдеш Жұмаділовтің «Ажалдан қашқан періште» әңгімесі мен Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» хикаятын оқып, мазмұнын меңгеру тапсырылды.
«Ата-ана – педагог – студент» үштағанын біріктіруді мақсат еткен әдеби квиз алты кезеңнен тұрды. Әр кезең қатысушылардың шығарманы қаншалықты терең меңгергенін саралап қана қоймай, ұстаз бен ата-ана, ұстаз бен студент арасындағы пікір алмасуға мүмкіндік берді. Осылайша, әдеби ойын барысында рухани сабақтастық пен өзара қарым-қатынастың маңызы айқындала түсті.
Бірнеше сағатқа созылған тартысты сайыс қорытындысында қатысушылар бүгінгі бастаманың маңыздылығын атап өтті. Ата-аналар, педагогтер мен студенттер кітап оқу мәдениетін қалыптастыруда бірлескен әрекеттің рөлі зор екенін айтып, осындай жобалардың өңір көлемінде кеңінен таралуына тілектестік білдірді.
Қатысушылардың пікірінше, қарбалас тірліктің арасында балаға уақыт бөліп, онымен бірге кітап оқу – оның рухани дамуына, ой-өрісінің кеңеюіне және отбасылық байланыстың нығаюына үлкен ықпал етеді.
САЙЫС ҚОРЫТЫНДЫСЫ
Бас жүлде – «Зейін» командасы
Тобы: БББ 24-09-01
Топ жетекшісі: Еркеш Болатбекқызы
Сыйлық: Т. Жұртбайдың «Қар астындағы көбелек» кітабы – 3 дана.
I орын – «Көркем» командасы
Тобы: ШТ 25-09-01
Топ жетекшісі: Маржан Юсупова
Сыйлық: Ақберен Елгезектің «Дардай» кітабы – 3 дана.
II орын – «Үш буын – бір ой» командасы
Тобы: БББ 25-09-02
Топ жетекшісі: Айгерім Абзалқызы
Сыйлық: Т. Жармағамбетовтің «Отамалы» кітабы – 3 дана.
III орын – «Парасат» командасы
Тобы: ҚТ 25-09
Топ жетекшісі: Гаухар Қаржасқызы
Сыйлық: Қ. Ысқақтың «Қоңыр күз еді» кітабы – 3 дана.
«Кітап оқитын отбасы» әдеби квизі – кітап оқу арқылы ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырып, ата-ана, педагог пен студент арасындағы рухани байланысты нығайтуды көздейтін тағылымды бастама. Жоба алдағы уақытта да жалғасын тауып, кітап оқитын отбасылар қатарын арттыруға өз үлесін қоспақ.




