Cемей21°С
Ауа-райы
  • Абай25°С
  • Аягөз23°С
  • Ақсуат22°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау22°С
  • Курчатов17°С
  • Көкпекті22°С
  • Үржар26°С
448.44 514.81 5.33

Құрылтай депутаттары Аэроғарыш комитетінің қызметімен танысты

Кеше, 16:17 Думан Кенжеғазыұлы

Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің қызметіне арналған жиын өтті. Комитет төрағасы Дархан Ахмедиевтің төрағалығымен өткен кездесуде депутаттар ведомство жұмысының негізгі бағыттарымен, іске асырылып жатқан және перспективалы жобаларымен танысып, алдағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Өз баяндамасында Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов ведомствоның ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстары туралы кеңінен айтып өтті.

– Комитет зерттеулер мен сынақтарды, оның ішінде Қазақстан жаңадан игеріп жатқан зымыран технологияларын дамыту бағытындағы жұмыстарды жүргізуде. Бүгінде зымыран қозғалтқышын әзірлеу кезеңіндеміз. 2032 жылға қарай зымыран тасығыштың прототипін жасау, ал 2035 жылға қарай оны толыққанды пайдалануға беріп, ұшыру жұмыстарын жүзеге асыру жоспарланып отыр, – деді комитет төрағасы Баубек Жеткергенұлы.

Аэроғарыш комитетінің қызмет бағыттарына спутниктер өндіру, жерді қашықтан зондтау, спутниктік байланыс және телерадио хабарларын тарату, «Байқоңыр» ғарыш айлағында ұшыру қызметтерін көрсету, сондай-ақ аэроғарыш саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту жатады.

Алқалы жиында Баубек Оралмағамбетов осы жылдың сәуір айында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінен «Союз-5» («Сұңқар») зымыранының алғашқы сынақтық ұшырылымы сәтті жүзеге асырылғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, келесі ұшыруды коммерциялық форматта өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы жекелеген аумақтарды жалға алу мәртебесінен шығару арқылы туристік бағытты дамытуға мүмкіндік жасалуда.

– Аэроғарыш комитеті бекітілген стратегияға сәйкес жұмыс істеп келеді. Осы стратегия аясында белгіленген жоспарлар дәйекті түрде іске асырылуда. Биылғы жыл айтарлықтай табысты болды. Бірнеше ірі жоба басталды. Олардың барлығы сәтті аяқталады деп сенемін, – деп атап өтті салалық комитет төрағасы Дархан Мейрамұлы.

Кеңес барысында депутаттар аэроғарыш саласына кадрлар даярлау және жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимыл жасау, алдағы зымыран ұшыру перспективалары, ауыл шаруашылығында Жерді қашықтан зондтау технологияларын қолдану, сондай-ақ саланы дамытудың өзге де бағыттарын талқылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив