ІІМ: Дрондардың көмегімен жол жүрісі қағидаларын бұзудың 20 мыңнан астам фактісі анықталды
Ішкі істер министрлігі заманауи технологияларды полицияның күнделікті қызметіне енгізу арқылы заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде.
Осындай құралдардың бірі - ұшқышсыз авиациялық жүйелер. Бүгінде дрондар полиция қызметкерлеріне жолдағы жағдайды бақылауға, құқық бұзушылықтарды анықтауға және ақпаратты әуеден жедел алуға көмектеседі. Заманауи ұшқышсыз ұшу аппараттары камералармен жабдықталған, автоматтандырылған әрекеттерді орындай алады және бейнежазбаны нақты уақыт режимінде бере алады.
Бұл технологиялар іс жүзінде өз нәтижесін көрсетіп отыр. 2026 жылдың сегіз айында дрондардың көмегімен жол жүрісі қағидаларын бұзудың 20 мыңнан астам фактісі анықталды. Оның ішінде:
- қауіпсіздік белдігін пайдалану талаптарын бұзудың 3 198 фактісі;
- көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланудың 2 055 фактісі;
- қарсы қозғалыс жолағына шығудың 1 678 фактісі;
- сыртқы жарық құралдарын пайдалану қағидаларын бұзудың 1 481 фактісі;
- маневр жасау қағидаларын бұзудың 1 207 фактісі;
- басып озу қағидаларын бұзудың 771 фактісі;
- мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз көлік құралын басқарудың 87 фактісі.
Тағы 9 мыңнан астам дерек жол қозғалысы ережелерінің өзге де бұзушылықтарына қатысты.
Ұшқышсыз технологиялар полицияның мүмкіндіктерін кеңейтіп, азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.