Ұлттық парктердегі экотуризм: проблемалар бірлесе және жедел шешіледі
Қазақстанда ұлттық парктерге келетін туристер ағыны айтарлықтай өсті. Алайда, парктер аумағындағы қоқыс полигондар проблемасы, нашар жолдар, дәретханалардың жетіспеушілігі, қызмет көрсету мен инфрақұрылымның төмен деңгейі әлі шешілмей келеді. Осы және басқа да мәселелерді кәсіпкерлер мен ұлттық парктердің өкілдері «Атамекен» ҰКП алаңында экология және табиғи ресурстар министрлігінің басшылығымен өткен жиында көтерді.
Мемлекеттік органдар және бизнестен келген қатысушылар Экологиялық туризмді дамытудың 2022-2023 жылдарға арналған жол картасына енгізілген мәселелердің басым бөлігі шешілгенін немесе шешілудің белсенді сатысында екенін атап өтті. Бұл ретте жаңа проблемалар өзекті болып отыр.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірініші орынбасары Мақсат Қиқымов Ұлтты пакртерге көлікпен жету мәселесі өзекті екенін айтты. Қазір Үлкен Алматы көліне дейін автожолды қайта жөндеу мәселесі шешілмей келеді, Шеңгелді кентінен №1 постқа дейін Алтынемел ұлттық паркіне дейін жол мәселесі ашық күйінде қалып отыр.
«Өткен жиында біз ұлттық парктерде медициналық персоналдың болуы; ұлттық парктерге лагерьлерде демалып жатқан балалардың тегін кіруі мәселелерін көтердік», – деді Мақсат Қиқымов.
Спикердің айтуынша, кейібір ұлттық паркте инфрақұрлымды дамыту бас жоспары бойынша өзекті ақпарат, ұзақ мерзімді пайдалануға берілетін жоспарлы объектілер туралы ақпарат қолжетімсіз.
«Жалпы, тау өткелдері, соқпақ жолдарға рекреациялық жүктемені болдырмау үшін Көлсай көлдері, Қайыңды сияқты туристер ең көп баратын ұлттық парктерде туристер ағынын қайта бөлу мүмкіндігін қарастыру қажет. Қазір бұл ұлттық парктерде оверуризм байқалады. Осыған байланысты туристердің көптігін болдырмау үшін басқа да көрікті бағыттарды абаттандыру қажет», – деді Мақсат Қиқымов.
Бизнес-қоғамдастық өкілдері айтылған мәселелерді қолдап, бірқатар проблеманы қосты. Осылайша, Skyway ЖШС басшысы Әсем Қозбағарова ұлттық парктердегі санитариялық нормалар және электр қуатының жиі өшуі мәселесін көтерді.
«Жақында туристер Көлсайға барды. Тұратын жерді зорға таптық. Өйткені туристік ағыны күн санап артып келеді. Демалыс базасын кеңейту керек. Нәтижесінде киіз таптық, алайда киіз үйдің жанында қоқыс үйіндісі бар болып шықты. Демек, тазалықты бақылап, санитариялық нормаларды ешкім қадағалап жатқан жоқ. Қоғамдық тамақтану бөлек мәселе. Асханалар қалай жұмыс істеп жатыр? Санитариялық нормалар сақтала ма? Туристер қауіпсіздігі сақталып жатыр ма? Тағы бір проблема – дәретханалар. Көп орында әлі де қоғамдық дәретхана мәселесі өзекті. Кейбір дәретханалар 18:00-ден кейін жабылып қалады. Бұл стандарттарды стратегияға қосу керек. Электр қуатына қатысты проблема да бар. Жауын жауса, жарық сөнеді. Мобильді байланыс та көңіл көншітпейді»,– деді кәсіпкер.
Сондай-ақ, ол мемлекеттік ұлттық парктердің туристік нарықпен өзара іс-қимылы бойынша бірқатар ұсыныс айтты.
«Автотұрақтарға келетін болсақ, мұнда да проблема бар. Жүктеме өсетін кейбір паркте шектеу қоюға немесе автотұрақ жасау керек шығар. Жергілікті атқарушы органдарға көбірек өкілеттік беру керек-ақ. Мүмкін ұлттық парктерде қаржыландыру жеткіліксіз және олар көптеген мәселені уақытында шеше алмайды. Соңғы мәселе – ақпараттандыру. Ұлттық парктер жабылып қалатын жағдайлар бар, бірақ біз де, туристер де бұл ақпаратқа ие емеспіз және біз бұл сұрақтарды бейресми көздерден аламыз. Осының бәрін жүйелендірсе деген тілек бар», – деді Әсем Қозбағарова.
Қазақстан туристік қауымдастығының басшысы Рашида Шайкенова цифрландыру, инвесторлар мен сервисті тарту мәселелерін көтерді. Ол Алтынемел, Көлсай көлдері және Шарын ұлттық парктерін мысалға келтіріп, қалған ұлттық парктерге инвесторларды тартумен белсенді айналысуды ұсынды.
«Біз ұлттық парктермен тығыз байланыстымыз. Қазіргі уақытта инвесторлар үш ұлттық паркте тәртіп орнатты және бүгін бұл парктерді жұртшылыққа көрсету ұят емес. Инвесторларды тартуда барлық ұлттық парк бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Екінші – цифрландыру мәселесі өзекті болып қала береді... Үшінші, қызмет көрсету мәселесі... Біз шетелдік туристерді қабылдаған кезде, мысалы, көлік құралдарымыз үшін ұятты болып жатамыз», – деді спикер.
Сондай-ақ, Рашида Шайкенова Алматы облысындағы Жоңғар Алатау ұлттық паркінің «туристер үшін ашылуының» маңызын атап өтті.
«Қанша жыл бойы жол сала алмай келеміз, сондықтан туристерді алып жүрмейміз. Егер жол, қажетті инфрақұрылым салсақ, басқа ұлттық парктерге жүктемені азайтып, Жоңғар Алатауға жол ашып, туристерді қуантар едік», – деді Рашида Шайкенова.
«Атамекен» ҰКП Туризм комитетінің төрайымы Юлия Якупбаева барлық қатысушының өзара іс-қимыл форматын өзгертуді, оны неғұрлым жедел етуді және мәселелерді шешудің кешіктірілуін болдырмауды ұсынды.
«Ведомствоаралық проблемалар бар. Біз оларды премьер-министрдің орынбасары деңгейіне шығарамыз, ал өңірлік немесе тек бір мемлекеттік органға қатысты мәселелер бар. Егер қарсылық болмаса, онда біз жаңа жол картасын осылай құрылымдаймыз. Жалпы, әрбір ұлттық парк бойынша барлық міндетті жүйелеп, жауаптыларды тағайындау қажет. Экология министрлігінің қатысуымен жобалық кеңсе құруды ұсынамын», – деп қорытындылады Юлия Якупбаева.
Сондай-ақ, спикер халық және бизнесті отандық туризмнің жаңа бағыттары туралы ақпараттандыру үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін жұмысқа қосуды ұсынды. Бұл шара бұрыннан белгілі жарнамаланған бағыттардың жүктемесін азайтуға айтарлықтай көмектеседі.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев бизнес-қоғамдастықтың бірқатар мәселесін бақылауға алып, жаңа жол картасы мен жобалық кеңсені қалыптастыру идеясын қолдады.
Жалпы, Экология министрлігі және Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері тұрақты жиналып тұру идеясын қолдап, бизнес мәселелерін шешу бойынша өзара іс-қимылдың неғұрлым жедел форматын айқындады.
Анықтама.2022 жылы алғаш рет Эеология министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақ туризм, ҰКп-ның қатысуымен экотуризмді дамыту жөнінде төртжақты жол картасына қол қойылды. Көлсай көлдерінде туристік маршруттар мен тау жолдарын жайластыру, шағын сәулет объектілерін орнату, пилоттық режимде өткізу пунктерін автоматтандыру бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Кейінгі кезде ұлттық парктер қызметіне қатысты бірқатар стандарт әзірленіп жатыр. Биыл барлық ұлттық паркте келушілердің саны 1 млн 700 мыңға артып отыр.