Абай облысында ауруханалар жаңартылады
Абай облысында денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Өңірде ауруханаларды заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту және ауылдық жерлерге білікті мамандар тарту мәселелеріне басымдық беріліп отыр. 2026 жылы да медициналық инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылмақ.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Абай облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков мәлімдеді.
Қазіргі таңда Абай облысында 325 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 29 аурухана, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 32 ұйым және бір жедел жәрдем станциясы бар. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына 611 136 тұрғын тіркелген. Халыққа медициналық қызмет көрсету 410 учаске бойынша ұйымдастырылған.
Медициналық көмектің сапасын арттыру үшін материалдық-техникалық базаны нығайту маңызды. Осы мақсатта 2025 жылы облыстың медициналық ұйымдарына 2 996 дана медициналық жабдық жеткізілді. Оның 969 данасы жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 12 медициналық ұйымға берілсе, тағы 265 данасы «Салауатты ұлт» ұлттық жобасы аясында сатып алынған.
Жаңадан жеткізілген техникалардың қатарында заманауи диагностикалық құрылғылар бар. Атап айтқанда, Жедел медициналық жәрдем ауруханасына ангиографиялық жүйе, Семей қаласындағы №1 қалалық ауруханаға қуаты 1,5 Тесла магниттік-резонанстық томографы, ал Ақсуат аудандық ауруханасына 64 кесінділі компьютерлік томограф жеткізілді. Сонымен қатар облыстық перинаталдық орталық пен аудандық медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы да нығайтылды.
Бұл жабдықтар ауруларды ерте анықтауға, диагностиканың мүмкіндіктерін кеңейтуге және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді. Әсіресе онкологиялық ауруларды диагностикалау мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінуде.
Осы бағытта Аягөз көпбейінді орталық аудандық ауруханасы үшін қосымша магниттік-резонанстық томограф сатып алынған. Сонымен қатар 2023–2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында 16 дана медициналық жабдық алынған. Олардың қатарында 128 кесінділі компьютерлік томограф, сарапшылық деңгейдегі маммограф және бейнеэндоскопиялық жүйе бар.
Ал 2026 жылы осы жоспар аясында тағы 12 дана медициналық жабдық сатып алу көзделген. 2027 жылы медициналық техниканы лизинг арқылы алу жоспарланып отыр. Жаңа құрылғылар аудандық ауруханаларға, қалалық емханаларға және өңірдің мамандандырылған медициналық ұйымдарына жеткізілмек.
Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі – медициналық кадр тапшылығы. Әсіресе ауылдық елді мекендерде білікті дәрігерлерге деген қажеттілік жоғары. Осыған байланысты өңірде жас мамандарды қолдау және тапшы мамандықтар бойынша дәрігерлерді ауылдарға тарту шаралары жүргізілуде.
2025 жылы ауылдық жерлерде кемінде бес жыл жұмыс істеуге міндеттенген тапшы мамандықтар бойынша 11 дәрігерге ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем берілген. Олардың үшеуі алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында еңбек етеді. Мұндай қолдау шаралары ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға және өңірдегі кадр тапшылығын азайтуға бағытталған.
Биыл Семей және Курчатов қалаларында, сондай-ақ облыстың бес ауданында медициналық ғимараттар мен үй-жайларды жаңарту жоспарланып отыр. Семей қаласындағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасының шатыры мен қасбеті жөнделеді. №1 қалалық аурухананың қосалқы нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, облыстық перинаталдық орталықтағы жүк-жолаушылар лифті ауыстырылады.
Бұдан бөлек, облыстық психикалық денсаулық орталығы мен фтизиопульмонология орталығының нысандарын жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Аудандық медициналық ұйымдарда да күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Аталған шаралар медициналық мекемелердің жағдайын жақсартып, тұрғындарға қолайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Брифинг барысында Семей қаласындағы тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекцияларға қатысты эпидемиологиялық жағдай да сөз болды. Басқарма басшысының мәліметінше, қалада эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Тұмауға қарсы «Гриппол» вакцинасы жеткізіліп, қолданылған. Жалпы, шамамен 2 мың доза вакцина туралы айтылды.
Заманауи медициналық жабдықтарды сатып алу, ауруханаларды жөндеу, ауылдарға дәрігер тарту және диагностикалық мүмкіндіктерді кеңейту – өңір медицинасының дамуына бағытталған маңызды қадамдар. Алдағы уақытта бұл бастамалар медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.