Cемей4°С
Ауа-райы
  • Абай25°С
  • Аягөз23°С
  • Ақсуат22°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау22°С
  • Курчатов17°С
  • Көкпекті22°С
  • Үржар26°С
450.62 504.2 5.36

Облыс әкімі шетелдік инвестормен кездесті

Бүгін, 15:50

«Xinjiang Jinyu Hongyuan Construction Engineering Co., Ltd» компаниясының бас директоры, «Жол құрылыс KAZ-26» ЖШС-нің құрылтайшысы Янг Шивеимен өткен кездесуде өңірге инвестиция тарту, жол құрылысы саласындағы жаңа жобаларды жүзеге асыру және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Қытайлық инвестор Абай облысында жергілікті кәсіпорындармен бірлесіп «Жол құрылыс KAZ-26» ЖШС-ін құрған. Кездесуде Семей қаласында жүзеге асыруды жоспарлап отырған инвестициялық жобасын таныстырды. Жалпы құны 3,3 млрд теңге болатын жоба автомобиль жолдарын салу және жөндеу, жол жабындарын жаңарту, аумақтарды абаттандыру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

«Инвестициялық жобаның алғашқы кезеңінде Семей қаласындағы автомобиль жолдарын, аулалар мен кірме жолдарды, кәсіпорын аумақтарын жөндеу және абаттандыру жұмыстары жоспарланған. Кейін қызмет көрсету аумағын Жаңасемей ауданы мен облыстың басқа аудандарында кеңейтпек ойымыз бар. Жоба аясында өндірістік базаны іске қосып, жол құрылысына қажетті құрал-жабдықтар, өлшеу аспаптары мен қызметтік көліктер сатып аламыз. Жоба іске асқан жағдайда 15 тұрақты жұмыс орны ашылады», – дейді Янг Шивеи.

Жол құрылысына қажетті асфальтбетон қоспасы мен инертті материалдарды жергілікті өндірушілерден сатып алу жоспарланған. Бұл өңірдегі кәсіпорындармен өндірістік байланысты дамытуға септігін тигізеді.

Облыс әкімі Берік Уәли өңір экономикасын дамытуда инвестиция тартудың маңызына тоқталып, аймақта инвесторларға қолайлы жағдай жасауға басымдық беріліп отырғанын айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тартуды ел экономикасының негізгі басымдықтарының бірі ретінде атап өтті. Инвестициялар жаңа өндірістер ашуға, озық технологиялар енгізуге және халық үшін қажетті жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Осы бағытта біз шетелдік және отандық инвесторлармен әріптестікті дамытып, қолайлы іскерлік ахуал қалыптастыруға ерекше көңіл бөлеміз. Облыс әкімдігі сіздермен ынтымақтастықты дамытуға, заң аясында қажетті қолдау көрсетуге және ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға мүдделі. Бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Берік Уәли.


Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив