«Айдарлы» жобасы: Абай облысында 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылады
Абай облысында ірі инвестициялық жобалардың бірі – Аягөз ауданындағы «Айдарлы» тау-кен байыту комбинатының құрылысы талқыланды. Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен өңірлік инвестициялық штаб отырысында жобаның қазіргі жағдайы, инфрақұрылымдық мәселелері және оны жүзеге асыруға қажетті қолдау шаралары қаралды.
«Aidarly Mining» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба жылына 75 млн тонна кен өңдеуге мүмкіндік береді. Өндіріс орны іске қосылғаннан кейін жыл сайын 1,1 млн тонна мыс концентраты мен 7,5 мың тонна молибден концентратын шығару жоспарланып отыр. Жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бюджет түсімдерін көбейтуге бағытталған.
Алдын ала есеп бойынша, жобаны іске асыру кезеңінде республикалық бюджетке 1,4 трлн теңге, Абай облысының жергілікті бюджетіне 30 млрд теңге көлемінде салық түсімі түседі деп күтілуде. Сонымен қатар мердігер ұйымдардың қызметкерлерін қоса есептегенде, 3 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген.
Қазіргі уақытта «Айдарлы» кен орнында геологиялық барлау, инженерлік-геологиялық және инженерлік-геодезиялық зерттеулер жүргізілуде. Минералдық ресурстар мен қорларды бағалау жөніндегі техникалық есеп дайындалған. Бұдан бөлек, байыту фабрикасының, қалдық шаруашылығының және қажетті инфрақұрылым нысандарының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
Инвестициялық штаб отырысында «Aidarly Mining» ЖШС директоры Ерғали Батталов жобаның іске асырылу барысы мен өзекті мәселелер туралы баяндады. Сондай-ақ облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек инвесторға көрсетілетін қолдау шаралары жөнінде ақпарат берді.
Жиында облыс әкімі жобаның өңір экономикасы үшін маңызына тоқталып, жауапты мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, инвестиция тартумен қатар, басталған жобалардың толық әрі уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету маңызды. Осыған байланысты мемлекеттік органдарға инвестормен тікелей жұмыс жүргізіп, өз құзыреті шегіндегі мәселелерді жедел шешу тапсырылды.




