Cемей0°С
Ауа-райы
  • Абай25°С
  • Аягөз23°С
  • Ақсуат22°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау22°С
  • Курчатов17°С
  • Көкпекті22°С
  • Үржар26°С
454.14 509.23 5.41

Облыс әкімі Италия елшісімен кездесті

Бүгін, 19:30


Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Италия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риумен кездесті. Кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық, білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Облыс әкімі мәртебелі мейманға Абай облысының экономикалық, инвестициялық әлеуеті туралы айтып, өңірдің Италиямен ауыл шаруашылығы, энергетика, табиғи ресурстар, туризм, спорт, білім және мәдениет салаларында ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді.

2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында Абай облысы мен Италия арасындағы тауар айналымы 1,7 млн АҚШ долларын құрады. Сыртқы сауданың негізгі бөлігін импорт, оның ішінде мотор майлары құрайды. Өңір үшін екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту маңызды бағыттардың бірі болып саналады.

Кездесуде Қазақстан мен Италия арасындағы дипломатиялық қатынастардың дамуына, сондай-ақ, екі елді байланыстыратын мәдени жобаларға ерекше назар аударылды. Былтыр Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында Римдегі Вилла Грациоли саябағында (Parco di Villa Grazioli) ұлы ақынның бюсті орнатылған болатын. Абай облысының тартуы ретінде қойылған туындының авторы – жергілікті мүсінші Нұрбол Қали.

Аймақ басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, мәртебелі мейманға Абай еліне арнайы келгені үшін алғыс білдірді.

«Қазіргі таңда Қазақстан мен Италия арасындағы қарым-қатынас маңызды стратегиялық әріптестіктердің біріне айналды. Мемлекет басшыларымыздың өзара сенімге негізделген диалогы арқасында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік жылдан-жылға нығайып, жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Абай облысы мен Италия арасында мәдени байланыс бар. Рим төрінде Абай ескерткішінің ашылуы – екі халық арасындағы достық пен өзара құрметтің белгісі деп білемін. Сіздің бұл сапарыңыздың жөні бөлек екенін білеміз. Биыл аты әлемге мәшһүр жазушы, белгілі драматург, Лондондағы «Абай» үйі мен халықаралық «Абай» клубының негізін қалаушы, даңқты жерлесіміз Роллан Шәкенұлы Сейсенбаев 80 жасқа толып отыр. Қаламгердің шығармашылығын құрметтеп Абай еліне арнайы келгеніңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Біз Италия елімен барлық салада байланыс орнатуға дайынбыз. Италиялық компаниялардың Абай облысына келіп, жұмыс істеуіне мүдделіміз», – деді Берік Уәли.

Антонелло Де Риу кездесуде жылы қабылдауы үшін облыс әкіміне алғысын жеткізіп, алдағы уақытта өндіріс, кен орындарын игеру, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, су ресурстары, мәдениет, білім салаларында ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді.

«Абай облысымен түрлі салаларда серіктестік орнатып, өзара тиімді байланыстарды нығайтуға мүдделіміз. Әсіресе, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға басымдық береміз. Осы бағыттарда тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді елші.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив