Абай облысында жазушы Роллан Сейсенбаевқа құрмет көрсетілді
Биыл белгілі жазушы, драматург, Лондондағы «Абай» үйі мен халықаралық «Абай» клубының негізін қалаушы, даңқты жерлесіміз Роллан Шәкенұлы Сейсенбаев 80 жасқа толды. Қаламгердің мерейтойына орай бүгін Семей қаласында бірқатар тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Абай театрында жазушының әңгімесі негізінде сахналанған «Майдан әндері» спектаклі қойылды.
Қойылымды облыс әкімі Берік Уәлимен бірге Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риу, Италия елшілігінің мәдениет жөніндегі атташесі, жазушы әрі мәдениеттанушы, Алматыдағы Италия мәдениет институтының директоры Эдоардо Кризафулли, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров, Қазақстанның Еңбек Ері Серік Ақшолақов, белгілі ақындар Ұлықбек Есәулет пен Бауыржан Жақып, өнер қайраткерлері тамашалады.
«Майдан әндері» – Роллан Сейсенбаевтың әңгімесі негізінде сахналанған қойылым. Спектакльдің режиссері – Ержан Қауланов, басты рөлді Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов сомдады. Қойылымда соғыстың адам жанына салған жарасы, уақыт өткен сайын алыстағанымен, жүректен өшпейтін естеліктер мен үзілмеген достықтың қадірі суреттеледі.
Қойылымнан кейін сөз сөйлеген аймақ басшысы мерейтой иесін 80 жасқа толуымен құттықтап, оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесі зор екенін атап өтті.
Шара барысында аймақ басшысы жазушыға «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстап, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Италия Елшісі Антонелло Де Риу мен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров құттықтау сөз сөйледі. Елші Роллан Сейсенбаевқа Италия Республикасының Президенті Серджо Маттарелланың атынан мәдениет саласын дамытуға, Италия мен Қазақстан арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға және халықтарымыз арасындағы достықты өркендетуге қосқан айрықша үлесі үшін «Италия жұлдызы» орденінің кавалері құрметті атағын салтанатты түрде табыс етті.
Жазушының мерейтойы аясында бүгін Абай атындағы кітапханада зиялы қауым өкілдерімен және оқырмандармен кездесу өтті.






