Үржар әуежайының терминалы жаңғыртылып жатыр
Облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданының орталығы Үржар ауылындағы әуежай терминалын қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көрді.
Үржар ауылындағы әуежай 1978 жылы қолданысқа берілген. Биыл Үкіметтің қолдауымен әуежай терминалын қайта жаңғыртуға арнаулы мемлекеттік қордан 6,2 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы құрылысты аяқтап, нысанды пайдалануға беру үшін облыстық бюджеттен қосымша қаржы қарастырылған.
Жоба аясында терминалдың өткізу қабілеті сағатына 70 жолаушыдан 100–150 жолаушыға дейін ұлғайтылады. Бұл жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартып, әуежайдың мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Сондай-ақ, жаңғырту жұмыстары ауданның туристік және экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Аймақ басшысы мердігерлерге құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды, тиісті басқармаларға құрылысты тұрақты қадағалауды тапсырды.
Бүгінде Үржар әуежайынан Семей бағыты бойынша аптасына екі рет жолаушылар тасымалдануда. Бұған дейін Астана, Алматы және Семей бағыттары бойынша әуе рейстері ұйымдастырылған болатын.





