Үржар ауданында жаңа өндіріс орындары көбейіп келеді
Облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданының орталығы Үржар ауылындағы «Сұңқар» ЖШС-нің ұн және күнбағыс майын өндіретін зауытының жұмысымен танысты.
Кәсіпорын басшысы Ақиқат Кәрімұлының бастамасымен аудан орталығында жалпы құны 8 млрд теңгені құрайтын екі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Күнбағыс майын өндіретін зауыттың құрылысы аяқталып, іске қосылды. Кәсіпорынның тәулігіне 500 тоннаға дейін шикізат өңдеуге мүмкіндігі бар. Өндіріс нәтижесінде тәулігіне 230 тонна күнбағыс майы мен 250-270 тонна күнжара өндіре алады. Зауытта 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар құны 650 млн теңге болатын ұн өндіру зауыты да іске қосылуға дайын. Кәсіпорын тәулігіне 60 тоннаға дейін ұн өндіреді. Жоба аясында тағы 15 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Аймақ басшысы жаңа өндіріс орындарының аудан экономикасын дамытудағы маңызын атап өтіп, отандық өнім өндірушілерді қолдау қажеттігін айтты.





