Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет шағын құрамда келіссөз жүргізді
Ақордада елімізге ресми сапармен келген Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манетті қарсы алу рәсімі өтті.
Салтанатты іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хун Манет бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң Президент оркестрі екі елдің әнұрандарын шырқады.
Содан кейін Мемлекет басшысы мен Камбоджа Премьер-министрі Ақорданың Шығыс залында шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Қазақстан Президенті мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, бұл сапар екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретінін және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту перспективасына жол ашатынын айтты.
Президент Қазақстан мен Камбоджа табиғи байлығы мол елдер санатында екенін және аталған саладағы ықпалдастықты кеңейтуге болатынын айтты. Сонымен қатар келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселелері қарастырылатынын жеткізді.
Камбоджа Премьер-министрі Қазақстанға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстар орнағанына 30 жылдан асқанын атап өтті.
Кездесу барысында тараптар саяси диалогты, сауда-экономикалық байланыстар мен көпжақты алаңдардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жайын жан-жақты талқылады.






