Абай облысында сауда нысандарын жаңғырту жұмыстары 1 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс
Абай облысында сауда нысандарының сыртқы келбетін ретке келтіру және әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың жаңа тәртібін түсіндіру жұмыстары күшейтіледі. Бұл мәселелер облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте қаралды.
Өңірде биыл 9 маусым мен 9 шілде аралығында 10 аудан мен Курчатов қаласындағы сауда нысандарына мониторинг жүргізілген. Тексеру нәтижесінде бірқатар нысанның қасбеттерін жөндеу, маңдайшаларын жаңарту, ескірген жарнамаларды алып тастау және іргелес аумақтарды абаттандыру қажеттігі анықталған.
Қазіргі уақытта Ақсуат, Үржар және Көкпекті аудандарында белгіленген жұмыстар толық орындалған. Ал қалған аудандар мен қалада анықталған кемшіліктерді жою бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажет. Осыған байланысты Берік Уәли кәсіпкерлік басқармасына, аудан және қала әкімдеріне 1 желтоқсанға дейін сауда нысандарындағы барлық анықталған кемшілікті жойып, жөндеу және абаттандыру жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Облыс әкімі сауда нысандарының сыртқы келбеті мен айналасының тазалығы елді мекендердің жалпы көрінісіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Сондай-ақ кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, белгіленген талаптардың орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.


