Абай ауданының құрамасы тоғызқұмалақтан жүлделі орындарға ие болды
Семей қаласында өткен тоғызқұмалақтан Абай облысының жасөспірімдер арасындағы командалық чемпионатында Абай ауданының спортшылары табысты өнер көрсетті. Аудан құрамасы жалпы командалық есепте екінші орын иеленсе, қыздар командасы күміс, ұлдар командасы қола жүлдеге қол жеткізді.
02–05 қазан аралығында Семей қаласында тоғызқұмалақтан Абай облысының жасөспірімдер арасындағы командалық чемпионаты өтті. Зияткерлік спорт түрінен ұйымдастырылған жарысқа өңірдің бірқатар аудандарынан жас спортшылар қатысып, өзара мықтыны анықтады. Тартысты бәсекеде Абай ауданының құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы командалық есепте екінші орынға тұрақтады.
Чемпионатта аудан намысын қорғаған қыздар командасы да сәтті өнер көрсетті. Құрамында Мұратова Дариана, Нұрғазы Айсун, Амангелдіқызы Дильназ және Рымханова Жанерке бар команда жүлделі екінші орынды иеленді. Олардың үшеуі Қарауыл гимназиясының оқушылары болса, Жанерке Рымханова Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында білім алады.
Ұлдар арасындағы бәсекеде де аудан спортшылары жүлдесіз қалған жоқ. Тлеуғазы Дінмұхамед, Мұратбек Айсұлтан, Рымхан Әлихан және Ғаббас Нұрәлиден құралған команда үшінші орынға ие болды. Төртеуі де Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының оқушылары.
Тоғызқұмалақ – терең ойлауды, есепке жүйріктікті, сабыр менФ стратегиялық шешім қабылдай білуді талап ететін ұлттық зияткерлік ойын. Мұнда әр жүрістің өзіндік мәні бар. Қарсыластың тактикасын аңғару, бірнеше қадам алға жоспар құру және ойын барысында дұрыс шешім қабылдау спортшының шеберлігін айқындайды. Сондықтан жасөспірімдердің мұндай жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізуі – тұрақты дайындық пен ізденістің нәтижесі.
Айта кетейік, аталған спортшылар Абай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тоғызқұмалақ бөлімінде жаттығады. Жас ойыншылардың спорттық дайындығына ұстаз-жаттықтырушылары Күзембай Назым мен Молдақашева Ақтілек жетекшілік етеді.
Аудан құрамасының командалық есепте екінші орын алуы, қыздар командасының күміс, ұлдар командасының қола жүлде иеленуі – жас спортшылар үшін маңызды жетістік. Бұл нәтиже олардың ұлттық спортқа деген қызығушылығы мен табанды еңбегінің жемісі.
Жас тоғызқұмалақшыларды жеңістерімен құттықтап, алдағы жарыстарда бұдан да биік белестерді бағындыруына тілектестік білдіреміз!


