Cемей2°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
453.64 508.17 5.59

Абай ауданында жаңа мәдени кеңістік өз жұмысын бастады

Бүгін, 18:48

Қазіргі кітапхана – тек кітап оқып, ақпарат алатын орын емес, ауыл тұрғындарының басын қосатын, білім мен шығармашылықты дамытатын, жаңа идеялар жүзеге асатын орта. Осы бағыттағы игі бастаманың бірі Қасқабұлақ ауылында жалғасын тапты. Ауылдық кітапхана базасында «Жаңа клуб / Jana klub» комьюнити-орталығы ашылып, тұрғындар үшін жаңғыртылған мәдени кеңістіктің есігі айқара ашылды.

Жаңа орталық «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Жаңа клуб» жобасы аясында, «Тана» қоғамдық қоры мен Абай облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық жерлердегі мәдени кеңістіктерді жаңғыртып, тұрғындардың білім алуына, өзара қарым-қатынас орнатуына және қоғамдық бастамаларын жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасау.

Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы мен «Тана» қоғамдық қорының өкілі Абай Аманқожаұлы қатысты. Қонақтар ауыл тұрғындарын жаңа орталықтың ашылуымен құттықтап, кітапханалардың қоғам өміріндегі маңызына тоқталды. Сонымен қатар мұндай жобалардың ауылдың мәдени және қоғамдық әлеуетін арттыруға қосатын үлесін атап өтті.

Шара барысында салтанатты түрде лента қиылып, жаңғыртудан өткен кітапхана кеңістігі көпшілік назарына ұсынылды. Жаңа орталықтың ашылуы ауыл тұрғындары үшін заманауи әрі қолжетімді орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.

«Jana klub» кеңістігі алдағы уақытта түрлі кездесулер, танымдық шаралар, шығармашылық сабақтар мен қоғамдық бастамалар ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Әсіресе балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, жаңа білім игеруіне және өз қабілеттерін дамытуына қолайлы орта қалыптастыру көзделіп отыр.

Ауылдағы мәдени кеңістіктің жаңаруы – тұрғындардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жасалған мүмкіндік. Кітапхана жаңа форматта жұмыс істеп, тек рухани білім ордасы ғана емес, ауылдың ортақ басқосу алаңына айналмақ.

Қасқабұлақтағы жаңа орталықтың жұмысы нәтижелі болып, ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етсін!

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив