«Abai Quiz – 2026»: Абай ауданы – үздік аудан!
Республика күні қарсаңында Семей қаласында өткен республикалық «Abai Quiz – 2026» зияткерлік ойынында Абай ауданының командасы жоғары нәтиже көрсетіп, «Үздік аудан» номинациясымен марапатталды.
Білім мен зердені, тапқырлық пен жылдам ойлауды тоғыстырған зияткерлік сайыстар – білімді ұрпақ қалыптастырудың және қоғамдық белсенділікті арттырудың тиімді алаңы. Осындай мазмұнды шаралардың бірі Республика күні қарсаңында Семей қаласындағы «Abai Arena» спорт кешенінде ұйымдастырылды.
Республикалық деңгейде өткен «Abai Quiz – 2026» зияткерлік ойынына еліміздің 10 өңірінен 100 команда, жалпы саны 600 қатысушы жиналды. Білім додасында қатысушылар түрлі бағыттағы сұрақтарға жауап беріп, білім деңгейі мен ой ұшқырлығын, логикалық пайымдау қабілеттерін сынға салды.
Еліміздің әр өңірінен келген командалар бас қосқан бәсекеде Абай ауданының өкілдері де лайықты өнер көрсетті. Нәтижесінде аудан командасы «Үздік аудан» номинациясын иеленіп, туған жерінің мерейін үстем етті.
Бұл марапат – ауданның зияткерлік әлеуетін танытқан маңызды жетістік. Өйткені мұндай сайыстарда жеңіске жету үшін тек мол білім ғана емес, жылдам шешім қабылдау, топпен жұмыс істеу, ортақ мақсатқа жұмылу және уақытты тиімді пайдалану қабілеті де қажет. Командалық ойынның ерекшелігі де осында: әр қатысушының білімі мен ізденісі ортақ нәтижеге қызмет етеді.
Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған зияткерлік дода елдік құндылықтарды дәріптеумен қатар, білім мен парасаттың қоғам дамуындағы орнын тағы бір мәрте айқындады. Ал Абай ауданы командасының «Үздік аудан» аталымына ие болуы – осындай білім сайыстарындағы табысты қадамдардың бірі.
Аудан намысын абыроймен қорғаған команда мүшелерін жеңістерімен құттықтаймыз! Білім додаларында биік белестерді бағындырып, жаңа жетістіктерге жете берсін!