Cемей1°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
453.64 508.17 5.59

Абай ауданында қарттар күні аталып өтті

1-10-2026, 19:30

1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Қарауыл ауылында аға буын өкілдеріне құрмет көрсету мақсатында «Ғибратты ғұмыр» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Тағылымы мол басқосу өмір жолы өнегеге толы қарияларға құрмет білдіріп, олардың қоғамдағы орны мен еңбегін ұлықтауға арналды.

Мерекелік іс-шара М. Әуезов атындағы орталық кітапханада өткен дойбы жарысымен басталды. Зияткерлік сайыста қариялар өзара бақ сынасып, шеберліктерін көрсетті. Жарыс қатысушыларына көтеріңкі көңіл күй сыйлаған басқосу одан әрі Жастар ресурстық орталығында жалғасын тапты.

Мұнда бүлдіршіндер мен мектеп оқушыларының қатысуымен арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Өнерлі өрендер ән мен жырдан шашу шашып, үлкендерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Ұрпақтар сабақтастығын айшықтаған бұл сәт жас буынның қарияларға деген құрметі мен ықыласын көрсетті.

Мерекенің келесі бөлігінде ақ жаулықты әжелер мен ардақты аталар ақ дастархан басына жиналып, бір-бірімен жүздесіп, әңгіме-дүкен құрды. Қонақтар «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің өнерін тамашалап, әсем ән мен мың бұралған биге тәнті болды. Әуезді әуен мен жарасымды әзіл-қалжың мерекенің сәнін келтіріп, қарияларға ерекше қуаныш сыйлады.

Шара барысында аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы сөз сөйлеп, ардагерлерді айтулы мерекемен құттықтады. Өз сөзінде елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан аға буынның еңбегі мен өмірлік тәжірибесінің маңыздылығына тоқталып, қарияларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық пен бақ-береке тіледі.

Сонымен қатар Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен қарияларға арналған түрлі көңілді ойындар өткізіліп, мерекелік сыйлықтар табысталды. Шараға қатысушылар қызықты ойындарға белсене араласып, бір сәт балалық шақтың шаттығын қайта сезінгендей әсер алды.

«Қариясын қадірлеген елдің қазынасы мол» демекші, мұндай игі шаралардың маңызы зор. Өйткені үлкенге құрмет көрсету – халқымыздың ежелден келе жатқан асыл дәстүрі. Ал ақылын айтып, өнегесін көрсеткен аға буынға ізет білдіру – кейінгі ұрпақтың парызы.

Мерекелік басқосу қарияларға деген құрмет пен ыстық ықыластың жарқын көрінісіне айналды. 


 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив