Негізгі стратегиялық міндет – ұшу қауіпсіздігін нығайту
Отандық азаматтық авиация саласында басты көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім байқалып келеді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты.
Мәселен, былтыр еліміздің авиакомпаниялары 11 млн жолаушыны тасымалдаған. Бұл 2021 жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 17%-ға көп.
Қазір әуе транзиті жоғары қарқынмен ұлғайып, Қазақстанның осы бағытқа сәйкес әлеуеті артып келеді. Айталық, 2022 жылы 410 мыңдай ұшаққа қызмет көрсетіліп, 2021 жылдағы мәліметпен салыстырғанда бұл 90%-ға артық.
«Қазақстан Республикасының көлік-логистика әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес бұл саладағы негізгі стратегиялық міндет – ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау саналады», деді М.Қарабаев.
Тұтастай алғанда, Қазақстанда азаматтық авиация саласын дамыту жұмысы ұшу қауіпсіздігін күшейту, маршруттық желіні дамытып, инфрақұрылымды жақсарту сынды бағыттар бойынша жүргізіліп келе жатқанын айта кету керек.