Қазақстанда ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейі – 82%
Азаматтық авиация саласын дамытудың негізгі бағыттары жөнінде ҚР Үкімет отырысында ИИДМ-нің басшысы Марат Қарабаев айтып берді.
Бұл орайда аталған жұмыс ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, маршруттық желіні дамыту, сондай-ақ әуе-көлік инфрақұрылымын жақсарту сынды бағыттарға сәйкес қолға алынғанын айта кеткен орынды.
Ұшу қауіпсіздігіне тоқталсақ, еліміздің ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестігі - 82%-ға жетіп отыр. Бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
«Қауіпсіздік деңгейінің өсімін үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін 2019 жылы еуропалық модель негізінде отандық азаматтық авиация жүйесі түбегейлі реформаланды. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі құрылып, заңға сәйкес оған бақылау-қадағалау функциялары берілді», деді ведомство басшысы.
Осы ретте аталған ұйым құрылған сәттен бастап 934 тексеру және сертификаттау жұмыстары жүргізіліп, сондай-ақ рейстерді орындау үшін 1500-ге жуық рұқсат құжаты берілгенін айта кетейік. Бұған қоса сертификат талаптарына сай келмейтін және ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіретін 7 авиакомпанияның пайдалану сертификаты жарамсыз деп танылды немесе кері қайтарылды. Сонымен қатар 7 әуежайда ұшып-қону жолағын пайдалану уақытша тоқтатылды.
Тұтастай айтсақ, қазір тұрақты жолаушылар тасымалын 5 әуе компанияның 90 ұшағы іске асырып келеді.