Алаштың бекзаты – Халел
«AMANAT» партиясы «Ұлттық мұра» жобасы аясында М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде Халел Ғаббасовтың туғанына 135 жыл толуына орай «Алаштың Бекзаты – Халел» қоғамдық дәрісі өтті.
Аталған шараға «AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалының атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Майра Құржықаева, белгілі ғалымдар мен тарихшылар, қоғам белсенділері қатысты.
Кіріспе сөзді алған Абай облысы мәслихатының депутаты, Абай облысы мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының төрайымы Шағангүл Жанаева қоғамдық дәрістерді өткізудің басты мақсаты ұлт жанашырларын дәріптеу, қоғам қайраткерлері қалдырып кеткен халқымыздың бай рухани мұрасын насихаттау екенін атап өтті.
«Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында тарихымызда өлшеусіз орын алатын тұлғаларымызды дәріптеуді жолға қойған қоғамдық дәрістерді өткізу дәстүрлі түрде жолға қойылған. Біз өткен тарихымызға құрметпен қарауымыз керек. Тәуелсіз заманда өмір сүріп, кеудемізді керіп, марқайып жүргеніміз – кеше ел үшін айдалып, сотталған тұлғаларымыздың арқасы. Біз еліміздің тарихына әр уақытта бас иіп, халқымыздың ауыртпашылық кезеңдерін есте ұстап, болашақ ұрпақтың бойында патриоттық тәрбиенің үстем болғанын қалаймыз. Алаш қайраткері Халел Ғаббасовтың облыс орталығында орналасқан М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде сабақ бергенін айта кеткім келеді. Тарихы терең білім ордасы осындай игі шаралардың бастауы бола бермек», - деді Шағангүл Алдамжарқызы.
Қоғамдық дәрісті phD доктор, Alikhan Bokekhan University филология кафедрасының аға оқытушысы Раиса Садықова жүргізді.
«Алаш мұрасы – ордалы ортамызға тәуелсіздіктің орнауымен оралған мол тарихи, рухани қазына. Тарихтың қойнауына еніп, өткеннің еншісіне айналған «қазынаны» табу, іздеу жұмыстары әрдайым қажырлықты, табандылықты, іздемпаздықты қажет етеді», - деп бастады сөзін Раиса Төлеуқызы.
Алаш зиялыларының қайраткерлік, қоғамдық, рухани қазынасын зерттеу жұмыстары жолға қойылған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қозғалыстың алғы шебінде болған айтулы тұлғалардың қызметі мен артында қалған мұралары ерекше қарқынмен зерделене бастады. Әйтсе де, қалың шоғырдың ішінде зерделік шырақ жұлдызы жанбай, зерттеушісін таппай тұрған Алаштың көрнекті қайраткері бар еді. Ол – Халел Ахметжанұлы Ғаббасов. Замандастары оның тегін ресмилік сипатта ұлттық нақышқа бейімдеп «Ғаббасұлы» деп атап кеткен.
Раиса Садықова өз дәрісінде XX ғасырдың алғашқы ширегінде елін бодандықтан босатуды, әрі мәдениетті халықтардың қатарына қосуды өзіне парыз санаған азаматтардың бірі Халел Ғаббасұлының тарих сахнасына шыққан сәттері туралы баяндап өтіп, тың деректерді келтірді.
«Халел Ғаббасұлы – тұңғыш тәуелсіз мемлекеттің органы болған «Сарыарқа» газетінің құрылтайшысы, ұйымдастырушысы, редакторы және бас мақалаларын жазған авторларының бірі болған, ұлттық публицистиканың көкжиегін кеңейткен шығармашыл тұлға. Халелдің редакторлығымен шыққан «Сарыарқа» газетіндегі еңбектерде оның қолтаңбасы, пікірі, пайымы бар деп есептейміз. Халел Ғаббасұлының аз ғана көсемсөздік мұрасы Алаш мүддесі тақырыбына арналады, - деді Раиса Төлеуқызы.
«Сарыарқа» газеті Халел Ғаббасұлын мынадай мінездеме арқылы халыққа таныстырған: «Халел студент күнінде-ақ ұлтшыл, жинаған білім қазынасын халыққа таратуды өзіне борыш санаған һәм сол пікірін іспен көрсете бастаған қазақтың үмітті ұлы».
Халел Ғаббасұлының көсемсөздік, әлеуметтік-саяси еңбектерінде Әлихан Бөкейханның ұстаздық үлгі-өрнегі танылып, Әлихан бастаған ұлт ісінде «Алаш бекзаты» (Халелді замандастары осылай бағалаған) оның сенімді ізбасары ретінде тізе қосып бірге еңбек етті.
Жинақтап айтқанда, 1917-1920 жылдар аралығында Халел Ғаббасұлы ұлт қайраткері ретінде саяси істерде, халық қамқоры ретінде қоғамдық жұмыстарда, шығармашылық тұлға ретінде әдеби, саяси көсемсөздерімен Алаш қозғалысының белді қайраткері ретінде елге еңбегін сіңірді. Оның қоғамдық-саяси қызметі Уақытша үкімет, Алашорда үкіметі, Кеңес үкіметтерінің билік кезеңдерінде өтті.
Дәріскер Алаш қозғалысының белді қайраткері, «Алаш бекзаты» атанған Халел Ғаббасұлының қайраткерлік, күрескерлік ғұмыр тағдыры жайлы айта отырып, шығармашылық қызметіне де тоқталды.
«Халқымыздың ғасырлар бойғы азаттық аңсаған тілек-арманын XX ғасыр басында жүзеге асырған алаш арыстарының айтулы тұлғасы, ұлтжанды күрескер, қоғам қайраткері, көсемсөз шебері Халел Ғаббасұлының бар ғұмыры Алаш қозғалысы аясында, онымен тығыз байланыстағы бірлікте өтті.
Халел Ғаббасұлы XX ғасыр басында «Серке» газетінен басталған қазақ баспасөзіндегі демократтық, ұлт азаттық рухтағы публицистиканы «Сарыарқа» газетінде редакторлық, шығармашылық істерімен одан әрі дамытты. Халел басқарған кездегі «Сарыарқа» газетінде жарияланған көсемсөздерде халықтың мақсат-мұраттарымен бірге, Алашорда өкіметі, оның ұлттық тәуелсіз мемлекет ретіндегі болашақ бағыт, бағдары да халыққа кеңінен насихатталды. Сөйтіп, Халел Ғаббасұлының мақалалары, ел басқарған басылымның идеялық ұстанымы, ұлттық тұғыры да қазақ елінің азат таңының жаршысына айналды», - деді Раиса Төлеуқызы.
Халелдің редакторлығымен «Сарыарқа» газетінде көптеген әдеби шығармалар да жарық көріп, өз оқырмандарын таба білді. Бұл газетке оның «Алаш автономиясы», «Мемлекет күйі» және «Большевик бүлігі» атты бас мақалалары жарияланған.
Сондай-ақ қоғамдық дәріс барысында Раиса Садықова Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары Халел Ғаббасұлының өмірі мен еңбегіне арналған «Алаш бекзаты» атты монографиясын таныстырды.
«Бостандық, азаттық, тәуелсіз ел болу идеясын төл әдебиетте көсемсөз жанры арқылы көтерген Алаш көсемдерінің ісін жалғастырған – Халел Ғаббасұлы. Оның саяси көсемсөздері халыққа Алашорда автономиясының мұраттарын түсіндіріп қана қоймай, өз заманы мен қазақ публицистикасының келешек дамуына да өнегелі үлгі болды, - деп аяқтады сөзін Раиса Садықова.
Қоғамдық дәрістен кейін Алаштың саяси қайраткері, көрнекті тұлғаға байланысты көптеген көкейдегі сұрақтар қойылып, жауап берілді.