Cемей-13°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.51 522.84 4.81

Әлихан Смайылов ТМД елдерінің сауда саласындағы тосқауылдар мен шектеулерді жоюды күшейтуге шақырды

8-06-2023, 14:27 Думан Кенжеғазыұлы

Сочи қаласына (РФ) жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысты. 

Шағын құрамда өткен кездесуде тараптар ТМД-дағы экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, Көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы, инвестициялар құру, қызметі және оларды жүзеге асыру туралы келісімді талқылады. Кеңейтілген құрамдағы кездесуде Достастық елдері арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға баса назар аударылды. 

Әлихан Смайылов өз сөзінде ТМД интеграциялық байланыстарды тереңдету және көпжақты ынтымақтастықты сақтау үшін маңызды алаң ретінде қала беретінін атап өтті. 

«Қазақстан осы алаңдағы өзара іс – қимылды одан әрі тереңдетуге, Достастықтың әлеуетін нығайтуға және мүмкіндіктерін ашуға мүдделі», — деді ол. 

Премьер-Министр негізгі бағыттардың бірі – өзара сауда айналымының көлемін арттыру екенін баса айтты. Мәселен, өткен жылы Қазақстан мен ТМД елдері арасындағы тауар айналымының көлемі 9%-ға өсіп, $36 млрд-тан асты, бұл ретте осы жылдың алғашқы 3 айында 9% деңгейінде өсім тіркелді. 

«Бұл көрсеткіштің артуы негізінен ТМД-ның еркін сауда аймағы туралы келісімді жүзеге асыру есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар қазіргі жағдайда біз ТМД елдерінде өзара сауда-саттықтағы тосқауылдарды, шектеулерді жою бойынша жұмысты айтарлықтай күшейтуіміз қажет», — деді Әлихан Смайылов. 

Осы тұрғыда ол тиісті жұмыс тобы қызметінің маңыздылығын және өзара сауда-саттықтағы техникалық кедергілер туралы келісім жасау қажеттігін атап өтті. 

Сонымен бірге, Үкімет басшысының айтуынша, қызметтердің еркін саудасы туралы келісімге қол қою ТМД кеңістігіндегі маңызды оқиғаға айналады. 

«Бұл Келісім Достастық кеңістігінде қосымша мүмкіндіктер ашатынына және экономикамыздың одан әрі өсуіне қолайлы жағдай жасайтынына сенімдіміз», — деп атап өтті Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ Премьер-Министр қазіргі жағдайда электронды сауданың рөлі айтарлықтай артып келе жатқанын айтты. ТМД-ның осы бағыттағы әлеуетін ашу үйлестірілген іс-қимыл мен бірлескен жұмысты талап етеді. Осыған байланысты Қазақстан ынтымақтастықтың тиісті тұжырымдамасын әзірлеуді қолдайды. 

 Сондай-ақ Әлихан Смайылов атап өткендей, өнеркәсіптік кооперация маңызды міндет болып қала береді. 

«Өнеркәсіп экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күші болып табылады және біз осы саладағы ынтымақтастықты нығайту бағытында нақты қадамдар жасап жатырмыз. Бұл орайда ТМД елдерінің өнеркәсіптік ынтымақтастығы тұжырымдамасы мен ТМД елдерінің 2030 жылға дейінгі өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі шаралар кешені елеулі серпін береді деп күтеміз», — деді ол. 

Сонымен қатар тұрақты дамудың маңызды шарттарының бірі – «Жасыл» экономикаға көшу. Осылайша, Қазақстан ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру және қоршаған ортаға әсер ететін жағымсыз факторлардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізуде. 

«ТМД елдерінің барлығы ортақ міндеттер қойып отырғанын ескере отырып, Достастық елдерінің үкіметтерін осы бағытта күш-жігерді біріктіруге шақырамын. Астанадағы Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы бірлескен жұмыс алаңы бола алады», — деп түйіндеді сөзін Премьер-Министр. 

Кездесу нәтижесінде бірқатар келісімдер мен басқа да құжаттарға қол қойылды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив