Мәжіліс онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Мәжіліс отырысына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де қатысып, депутаттардың сауалдарына жауап берді.
Депутаттар бастамашы болған заң жобасы жөнінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Айдос Сарым баяндама жасады. Оның айтуынша, заңды әзірлеудегі мақсат – ең алдымен адам құқығын қорғау.
«Азаматтар интернетте де құқықтарының қорғалуын талап етеді. Олар артында күшті мемлекет бар екенін айқын сезінуі тиіс. Біз қабылдап отырған заң әлеуметтік желіні бұғаттауға немесе біреудің құқығын бұзуға арналмаған. Екі жыл бұрын кибербуллинг туралы заң қабылданғанда да біраз келіспеушіліктер болған. Бірақ бұл заңдардың өміршеңдігі мен қажеттілігін өмірдің өзі дәлелдеп берді», - деді депутат.
Заң жобасында онлайн-платформаларда жалған ақпаратты орналастыруға және таратуға тыйым салынады. Олардың меншік иелері үшін мемлекеттік органдармен анық емес ақпаратқа және салықтан жасыруға қарсы күрес бойынша ынтымақтастық жөніндегі міндеттеме енгізіледі.
Пайдаланушылар үшін өз парақшаларында орналастырылатын онлайн-жарнаманы таңбалау, сондай-ақ өз қызметін міндетті түрде кәсіпкерлік заңнамаға сәйкес жүргізу міндеттемелері белгіленеді.
Ілеспе түзетулермен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және өзге де заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Сондай-ақ бүгін Мәжіліске “Масс-медиа туралы” заң жобасы да енгізілді.