Қала құрылысы кадастрының геопорталы бейберекет құрылыстың алдын алуға септеседі
Пайдалануға берілетін тұрғын үйді есепке алу жүйесін жетілдіру аясында салынған нысандарды дәл және кеңістікте көрсету үшін қала құрылысы кадастры геопорталының қызметі жолға қойылды.
Бұл тетік Мемлекет басшысының кейінгі 3 жылда халықтың игілігіне берілген тұрғын үйлердің деректерін тексеру жөніндегі тапсырмасына байланысты енгізіліп отыр.
Осы арқылы жергілікті атқарушы органдар есеп жазбаларын пайдаланып, аталған геопорталға азаматтарға берілген баспаналар жөніндегі актілерді енгізеді. Осыдан кейін бұл деректер статистикалық мәліметтер және жылжымайтын мүліктің тізім базасымен салыстырылады.
Бұл амал есептік деректерді жөнсіз пайдалануды, сондай-ақ статистикалық мәліметтерді бірнеше рет қайталап ұсынудың алдын алады. Қолданысқа берілген нысандардың қабылдау актілерін есепке алу қажеттілігі Құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласында рұқсат беру рәсімдерінен өту ережелерінде бекітілген.
Тұтастай алғанда, мемлекеттік қала құрылысы кадастры жүйесінің геопорталын пайдалану жобалау мен құрылыс кезеңдерінде тиісті жұмыстардың регламенттерін сақтауға, бейберекет және нүктелі құрылыстың алдын алуға, сондай-ақ елді мекендерді дамыту жоспарларының ашықтығын қамтамасыз етеді.