Cемей-14°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.51 522.84 4.81

Сенаторлар электр самокаттарға қатысты заңды мақұлдады

22-06-2023, 09:01 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыс барысында Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, мақұлдады. Осы заң арқылы «шағын электр көлігі құралы», «электр самокат» ұғымдары енгізіледі. Онда аталған көлік түрлерінің техникалық сипаттамалары көрсетіледі және пайдалану тәртібі құқықтық тұрғыдан регламенттеледі.

«Бұл заң жолда жүру саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатымен әзірленді. Атап айтқанда, осы заң аясында көліктің жаңа түрлерін пайдаланудың құқықтық негіздері мен жалпы шарттары айқындалады. Сондай-ақ электр самокат және шағын электр көліктерін жүргізушілердің құқықтары мен міндеттері бекітіледі. Алдағы уақытта мақұлданған заң азаматтардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды. Мұндағы нормалар негізінен сұйытылған мұнай газының айналымын реттеу жөніндегі қолданыстағы заңнаманы жетілдіруді көздейді. Бұдан басқа, аталған құжат үй-жайлардың иелері кооперативтерінің қызметін сақтап қалуға байланысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жетілдіру жөніндегі мәселелерді де қарастырады.

«Заң газ және газбен жабдықтау саласында туындаған қоғамдық қатынастарды қосымша реттеу үшін әзірленді. Құжаттағы ережелер сұйытылған газбен жабдықтау жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Заң аясында кондоминиум объектісін басқарудың жекелеген мәселелерін реттеуге арналған нормалар да бар. Алдағы уақытта заң осы саладағы мәселелерді оң шешуге ықпал етеді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.

Одан бөлек, Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Серік Өтешов еліміздегі ішкі көші-қон мәселелеріне және бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламалардың олқы тұстарына назар аударды.

Бекболат Орынбеков нашақорлықпен және есірткі саудасымен күрес мәселесіне тоқталды.

Ләззат Рысбекова елімізде өндірілетін газды қайта өңдеу, сол арқылы ішкі нарықты қамтамасыз ету мәселесін шұғыл шешудің маңызды екенін мәлімдеді.

Геннадий Шиповских қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының басым бөлігі қазіргі таңда жеке меншікке өтіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді.

Амангелді Нұғманов Ауған соғысына қатысқан отандастарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты сауал жолдады.

Нурия Ниязова Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері гранттар алу конкурсына қатыса алмайтынын айтып, осы бағытта бірқатар ұсыныс жасады.

Жанна Асанова Қазақстанда әскери қызметшілерге арналған жеке қорғану құралдарына атыс сынақтарын жүргізу үшін аккредиттелген зертхананың жоқ екенін атап өтті.

Сергей Ершов елдегі өрт сөндіру бөлімшелерінің жартысына жуығы мемлекеттік емес екеніне наразылығын білдірді.

Суретті түсірген: Н. Байбулин

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив