ІІМ: Астанада халықаралық форум өтті
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасы еліміздің барлық мемлекеттік және қоғамдық институттарының, сондай-ақ халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленіп жатыр. Осыған байланысты Астанада ІІМ “Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету: проблемалар мен шешу жолдары” форумын өткізді.
Оған Президент Әкімшілігі мен Үкімет өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, дипломатиялық миссиялардың елшілері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен жетекші сарапшылары қатысты.
Форумның мақсаты – мемлекеттік органдардың, кәсіптік полиция мен қоғамның сындарлы ынтымақтастығына негізделген құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін құру бойынша келісілген тәсілдерді әзірлеу.
Мемлекет басшысы сервистік модельге көшу барысында қылмысқа қарсы күрестің ғана емес, азаматтардың қауіпсіздік сезімін арттырудың да маңыздылығын атап өтті. Осы тапсырманы іске асыру үшін ІІМ өз кезегінде мемлекеттік билік пен полицияның және жауапты қоғамдастықтың өзара байланысы мен белсенділігіне негізделген құқық бұзушылықтардың алдын алудың кешенді жүйесін құрудың іргетасы болатын тұжырымдаманың жобасын әзірледі.
Тұжырымдаманың негізгі бағыттары құқықтық мемлекеттің негізі ретінде қауіпсіз қоғам құру үшін жағдай жасау, азаматтардың өмірін, денсаулығын, мүлкі мен құқықтарын қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қолданыстағы тетігін ғылыми деректер мен әріптестікке негізделген қазіргі заманғы превенция жүйесіне айналдыру болып табылады.
Бұдан басқа тұжырымдамада полиция жұмысын қайтадан құру, бюрократиядан арылып, қоғам сұраныстарына орай адамға бағдарланған модельге көшу жөніндегі шаралар бекітілген.