Қазақстанда үздік ауыл әкімі анықталды
Жамбыл облысы Қордай ауданы Қарасай ауылдық округінің әкімі Кулжахан Елемесова «Үздік ауыл әкімі» атанды.
Биыл 4-ші жыл қатарынан Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қызметте үлгілі нәтижелерге қол жеткізген үздік ауыл әкімдерін анықтау және жергілікті өзін-өзі басқарудың алдыңғы қатарлы тәжірибелерін кеңінен тарату мақсатында
«Үздік ауыл әкімі» конкурсын өткізіп отыр. Осы жылғы конкурсқа еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам ауыл әкімдері қатысты.
Конкурс талабы бойынша қатысушылар жобалық жұмыстары мен қызметінің нәтижелері бойынша ақпаратты комиссия қарауына ұсынды. Биылғы конкурстың комиссия құрамына Парламент депутаттары, мемлекеттік басқару саласындағы сарапшылар, ғалымдар, БАҚ және азаматтық қоғам өкілдері кірді.
Комиссия шешімен әкім лауазымында 2018 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Қ.Елемесова үздік деп танылды. Өткен жылы ол өз қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, оның басшылығымен Қарасай ауылдық округіне 118 гектар жерге алма бағын интенсивті суару жүйесімен өсіру бойынша инвестиция тартылып, спорт-сауықтыру орталығын салу, мектеп пен жолдарды жөндеу сияқты бірқатар әлеуметтік маңызды жобалар іске асты.
Үміткерледі бағалау кезінде конкурстық комиссия ауыл әкімдерінің мемлекеттік қызметшілердің әдеп қағидаттарын сақтауы, жергілікті қоғамдастықтың әкімдердің қызметін бағалауы, халықпен кері байланысты орнату сияқты мәселелерді ескерді.
Қатысушылар көкөніс өсіру, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы үшін жерді ұтымды пайдалану, шағын және орта бизнесті қолдау, ауылдың экологиялық және инфрақұрылымдық проблемаларын шешу, туристік әлеуетті арттыру бойынша жобаларын ұсынды.
Бұған қоса, комиссия қатысушылар арасынан бірінші, екінші, үшінші орындарға лайық деп танылған ауыл әкімдерін анықтады.
Осылайша, I орынды Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Балқантау ауылдық округінің әкімі Аслан Рахымбергенов иеленді.
II орын – Атырау облысы Құрманғазы ауданы Бірлік ауылдық округінің әкімі Гүлжазира Абенова.
III орынға Абай облысы Абай ауданы Қарауыл ауылдық округінің әкімі Өмірбек Бекбаев ие болды.
Комиссия жүлделі орындар бойынша үздік әкімдерді анықтаумен қатар, арнайы номинациялар үздіктерін де анықтады. «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясы аясында Жетісу облысы Панфилов ауданы Жетісу ауылдық округінің әкімі Ермек Нұрахметов жеңімпаз атанды. «Ашық әкім» номинациясы бойынша Қызылорда облысы Шиелі ауданы Ортақшы ауылдық округінің әкімі Жақсылық Ноғайбаев жеңімпаз деп танылды. Ақмола облысы Жақсы ауданы Тарасов ауылдық округінің әкімі Құралай Құдайбергенова «Үздік шаруашыл әкім» атанды.
Конкурс жеңімпаздары Агенттікте «Мемлекеттік қызметшілер күніне» орай өткізілген шарада марапатталды.