Еліміздің рухани астанасы Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» деп аталған екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бағдарламалық баяндама жасап, ұлттық бірегейлігімізді қалыптастыратын негізгі бағыттарды атап өтті. Бүгін облысымызда құрылтай жиынындағы мәселелерді талқылау өтті. Жиынға Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Нұртаза, облысқа белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев құттықтау сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы ұлттық болмысымызды қалыптастыратын негізгі бағыттарға тоқталғанын атап өтті.
«Ұлттық құрылтайда бала тәрбиесінен бастап, ұлттық келбетімізді қалай қалыптастыратынымызға дейін айтылды. Ал енді Президентіміздің бастамаларын одан әрі жүзеге асыру – сіз бен біздің міндетіміз. Ұлттық құрылтайда көтерілген өзекті мәселелер біздің өңірімізде қалай шешімін тауып, жүзеге асырылады? Бүгін осыны талқылау үшін өздеріңізбен бас қосып отырмыз. «Келісіп пішкен тон келте болмас», – деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Мақаншы ауданын дамыту бойынша ұсыныстарын айтты. Бұл – білім беру, мәдениет нысандарының құрылысы мен кәсіпкерлерді субсидиялау, шағын және орта бизнес пен интернет мәселесін жақсарту болды.
Жастарды тәрбиелеу, олардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасау, салауатты өмір салтын насихаттау тақырыптары да көтерілді.
«Көптеген маңызды аспектілер талқыланды. Құрылтай туралы айтатын болсақ, онда әлеуметтік танымға мән бергенін айта кеткен жөн. Мемлекет басшысы әлеуметтану саласына қыруар қаржы құйылғанын айтты, бірақ ешқандай нәтиже болмағанын алға тартты. Сол себептен де, болашақта Қазақстанда әлеуметтану орталығын ашу керек деген ұсыныс айтқым келеді. Бұл біздің жастар үшін үлкен мүмкіндік. Оған Абай облысында да қажетті жұмыстар жасалып жатыр», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Нұртаза.
Жиын барысында өңір басшылығынан Абай облысының топонимикалық атауларына зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін аудандарға экспедиция жасақтап, тиісті жұмыстарды атқаруға қолдау көрсету мен Семей қаласы мен басқа елді мекендерге есімдері беріліп жатқан кісі есімдері бойынша да тыңғылықты зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қазақ елі мен жерінің дамуына қатысын анықтау жұмыстарын үйлестіруге қолдау көрсету мәселесі айтылды.
«Жер-су атауларында ұлттық дүниетаным, психология, салт-дәстүрдің көрініс беруі өз алдына, атау жер бедерін өте жоғарғы дәлдікпен белгілеуді мақсат еткен. Мысалы, Ақтүйе – тау. Таудың формасын шөккен түйеге ұқсатудан туындаған атау. сол сияқты Ақшоқы қыстағы – шоқы түсіне байланысты, Алтын қазған жайлауы - алтыны бар өзен мағыналарын береді. Қазақ халқы ежелден көшпелі өмір сүргендіктен, жер-су аттары ерекше маңызды факторға айналған. Байырғы атаулардың құндылығы да сонда, оларды қандай да бір атақты адамның атына немесе символдық мәндегі сөздермен алмастыруға болмайды», - деді Абай облысының ономастика комиссиясының мүшесі Шынар Сейітова.
Біздің ата-бабамыздан мирас боп қалған мол мұрамыз – мәдениетіміз бен өнеріміз бар. Оны сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу маңызды міндеттердің бірі. Халқымыздың ұлылары туған Абай елі – қазақ руханиятының орталығы болып қала бермек. Облысымызға рухани саламызды ілгерілететін «Абай» орталығын ашу туралы ұсыныс айтылды.
«Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет. Қазақ елінің мәдениетін айшықтайтын — әдебиет. Әдебиет арқылы тұтас ұлтың, елдің тыныс-тіршілігі көрінеді. Жазба әдебиетінің отаны, қазақ әдебиетінің алыптарын дүниеге алып келген, Алаш арыстарын ұйыстырған Семей қаласында, руханиятты ілгерлету үшін «Абай орталығы» ашылуы керек. Әдеби-мәдени келбетті қалыптастырып, ірі жұмыстар жасалатын еді», - деді Абай облыстық мәслихатының депутаты Мерей Қарт.
Мемлекет басшысы мәдени мұраны насихаттаумен жан-жақты айналысу қажеттігін айта келе, ұлттық брендті, тарих пен мәдениетті насихаттау қажеттігін айтты. Бұл тәсіл елдің оң имиджін нығайтуға, сыртқы саяси бастамаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасауға және бизнестің әлемдегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.
«Тикток арқылы біздің салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды, аңыздар мен әңгімелерімізді насихаттауға болады. Біз балабақшаларға арналған 3D ойыншықтар әзірлейміз. Бұл балалардың қимыл-қозғалысын дамытып қана қоймай, оларды ою-өрнектер мен қазақ батырларының ойыншық ретіндегі үлгісі мәдениетімді ұмыптауға үйретеді. Сондай-ақ анимациялық мультфильмдер шығарып, еліміздің тарихын ашатын ойындарды шығарамыз», - деді Асхат Бейсембаев.
Жиын соңында облыс басшысы Нұрлан Ұранхаев: «Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда көтерген мәселелерін жергілікті жерде қалай орындаймыз?», – деген тұрғыда ой-пікірлеріңізді бөліскендеріңізге рахмет айтамын. Сіздердің әрқайсыларыңыз облысымыздың ғана емес, Отанымыздың мүддесі жолында қызмет етіп келесіздер. Түркістан төріндегі құрылтайдың негізгі басымдықтарын іске асыруда бірігіп жұмыс атқаратын болсақ, болашағымыз жарқын болады деп сенемін!», - деді.