Мәжіліс депутаттығына үміткер Гүлжанат Рахатқызымен сұхбат
Гүлжанат Рахатқызының есімі шығыстағы жұртшылыққа біршама мәлім. Семейдің төл тумасы, заңгерлік, кәсіпкерлік һәм журналистика саласында өзіндік еңбегімен танылып келе жатқан жан. Экономика ғылымдарының магистрі. Әсіресе, соңғы шақырылымдағы Семей қалалық мәслихатының депутаты ретіндегі қызметі, қоғамдық шараларды ұйымдастырудағы белсенділігі көпшілікті сүйсіндіргені тағы бар. Бұл ретте Гүлжанаттың саясат сахнасына біртіндеп жеткілікті тәжірибемен, жан-жақтылықпен, түйе айтқанда байыппен қадам басып келе жатқанын аңғару қиын емес. Кешегі «Алаш» партиясының ізбасары республикалық «Ақжол» демократиялық партиясының шығыстағы бір мүшесі ретінде аймақтағы түрлі проблемаларды жоғары билікке жетесіне жеткізе айтып жүрген өткір қыздардың бірі. Мұндай қасиет оның бойына әкесінен дарыған десек қателеспеспіз. Рахат Алтайұлы Тәуелсіздіктің таңы атар шақта сол жылдардағы аға ұлттың мысы басым Семей қаласында «Қазақ тілі» қоғамын басқарған-ды. Ізін ала «Азат» азаматтық қозғалысы – қоғамдық-саяси ұйымының осы шаһардағы белді мүшесі болды. 1991 жылы Алаш арыстарының еңбегін елге қайта оралту жолында «Алашорда» газетін ашқанының өзі бүгінде тарихқа айналды. Орта жүзге кесімді шешім айтқан аузы дуалы Би Боранбайдың ұрпағы. Ал, әке жолын қуған қыз Семейдің талғамы зор жұртшылығы үшін сан қырлы қызметімен танылды. Қысқасы биылғы бәсі жоғары саяси науқан, 19-шы наурыз күні өтетін ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауына түсіп жатқан Гүлжанат бұл қадамға үлкен даярлықпен, тәжірибемен, білім-білікпен һәм ішкі түйсіктік жетелеуімен келді. Осы ретте кейіпкерімізге сөз ұсындық...
- Гүлжанат Рахатқызы, алғашқы сауалды төтесінен қойсам деймін, сіздің саяси додаға түсуіңізге не ықпал етті? Осынау жолдағы мақсатыңыз қалай қалыптасты?
- Әрине, кім кімнің де өмір жолы отбасынан басталады емес пе. Әкем Рахат Алтайұлы арғы тегінен ұлтжанды, елге көсем бола білген тұлғалардың бүгінгі тұяғы. Оның есімі, өмір жолы шығыстағы көпшілікке жақсы таныс. Жалпы, әкем өзіне дүниелік игіліктерді емес, рухани байлықты мұра еткен адам. Ес біле бастағаннан оның Алашорда күрескерлері - Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Отыншы Әлжанов сынды ұлтымыздың біртуар көсемдері жайлы үнемі әңгімелеп, кеңес дәуірінің соңғы жылдарының өзінде «Алашорда» газетін шығарып, оны облысқа арқалап жүріп жаяу таратқаны есімде. Одан кейінгі жылдары да ұлт мүддесі жолында сан кедергіге кезігіп, талай таяқ жесе де ел болашағы үшін күрес жүргізуде аянып қалмады. Әлі де әділеттілік жолында бар күшін сарп етуде. Мен ел үшін күресе білу керектігін ең алдымен әкемнен үйрендім.
- Еліміздегі барлық сайлау науқандары астары қалың, қарбаласы мол әрі үміткерлер үшін зор қажыр-қайратты қажет ететін аса ауқымды саяси шара. Оның үстіне «Құласаң – нардан құла» демекші, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына бәйге қосып отыр екенсіз. Оған әлбетте ішкі даярлық, мол рухани ресурс қажет қой. Осынау орайда өзіңіздің өсу жолдарыңыз туралы ықшам түрде айтып өтсеңіз.
- Менің депутат ретінде мақсат-мүддем өзімнің туған қалам Семейдің және осы облыстың ұзақ жылдар бойғы ядролық сынақтан зардап шеккен халқына көмек көрсетсем деген ізгі арманнан басталып еді. Әкем «Невада-Семей» қозғалысы құрылғаннан бастап халқымыздың біртуар ұлы Олжас Сүлейменовпен үзеңгілес жүрді. Әсіресе, облыс басшысы болған Кешірім Бозтаевпен пікірлес, ұстанымдас адамдардың бірі болды. Осы қозғалыстан соң қазақ елі дүр сілкініп, түрлі қоғамдық қозғалыстар қалыптасқаны белгілі. Мен солардың бірі - «Ирис» ядролық сынақтан зардап шегушілер Одағында жұмысымды бастадым. Бұл қоғамдық шараларға алғаш араласуым еді. Одан соң Орман шаруашылығының өзін-өзі басқаруын қолдау, Қазақстан Республикасының орманды сақтау және көбейту, орман және аңшылық шаруашылықтарында үйлестіруші болып жүріп, бірқатар қоғамдық жұмыстарға араластым. Өзің үшін емес, қоршаған орта үшін, қоғам үшін еңбек етудің ләззатын сезіндім. Осылайша өзіндік шыңдалу мектебінен өтіп, тәжірибе жинадым. Кейіннен қоғам игілігі жолында «осыны іске асырсам-ау» деген түрлі ой-пікірлер, тың идеялар пайда болды. Оның кейбірін қолдаушыларымның жәрдемімен сәтімен жүзеге асыра алдым. Бұл ретте жарықтық Абай хакімнің: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың!» деген өсиетін өмірлік ұстанымыма айналдырдым. Абайдың нақылы елге қызмет қылсам деген әркім үшін адастырмас темірқазық қой...
- Осынау орайда, қоғамдық жұмыс дегеннен шығады. Сіздің аймағымыздағы жастар саясатындағы қолтаңбаңызды да білеміз. Осы тарапта сөз етсеңіз...
- Иә, 2000-шы жылдан бастап Семейдегі жаңа бастамалар мен тың жобалардың біршамасына ұйытқы болу бұйырды. Оны семейлік зиялы қауым жақсы біледі. Ел алдындағы есебім болсын, айта отырайын, Көңілді Тапқырлар Клубы, жас заңгерлер ассоциациясы, Қазақстан студенттер альянсы сынды ұйымдардың жұмысын жүйелеп, жолға қою біздің буынға нәсіп болыпты. Бұл ретте өзім сүйсінетін бір жетістігім Семейдегі барлық жастардың басын қосып, қалалық жастар ассоциациясын құруым болды деп ойлаймын. Оның жетістіктері өз алдына үлкен тақырып.
Адамға өмірлік тәжірибе еңбекпен, ізденіспен келетіні анық қой. Мен оған үнемі өз-өзіңді дамытумен, бір орында тұрып қалмауды да қосар едім. Бұл орайда өзімді әр салада сынап көрдім. 2007 жылы заңгерлік мамандығым бойынша жеке құрылыс компаниясына заңгердің көмекшісі, кейіннен заңгер болдым. Одан соң Астана қаласындағы Курчатов қаласының ядролық технология паркінде бас маман қызметін атқардым. Бұл жылдар мен үшін өсу, толысу, кемелдену жылдары болды. Міне, жауапкершілігі мол осынау салаларда шыңдалған соң, өзімнің жеке жобаларымды жүзеге асыруға кірістім. Ұжым болып жұмылудың нәтижесінде «Я, люблю Семей» деген атаумен қос тілдегі журнал жарыққа шықты. Осылайша, орыс тілді ортаға Алаш азаматтарын, қазақ ұлтының тектілігін таныстыруға мүмкіндік туды. Сонымен қатар, түрлі-түсті, жылтыр қағазға басылған журнал арқылы Семей мен бұрынғы Семей облысына қарасты болған аудандардың тарихы мен тыныс-тіршілігін Шығыс жұртшылығына насихаттай алдық.
- Енді әңгіме ауанын саяси тақырыпқа ауыстырсақ. Сіз «Ақжол» партиясына мүшесіз. Жалпы, не себепті «Ақжолды» таңдадыңыз? Саяси ұстанымыңызбен сәйкес келетіндігінен бе, әлде... Алайда, осынау саяси науқанға партиялық тізіммен емес өз бастамаңызбен түсіп отырсыз. Түсіндіре кетесіз бе?
- Орынды сұрақ. «Ақжолды» таңдауымның өзіндік себебі бар. Біріншіден аталмыш партияның Алаш арыстарының тағдырына, елі үшін атқарған жанкешті еңбек жолына үңіліп, кеңінен насихаттауы, олардың өміршең идеяларын бүгінгі заман үрдісімен байланыстыра алуы ұнайды. Ұлтты сүю мен көзсіз адал қызмет етуде нағыз өнеге болған алашорда идеясын бүгінгі мемлекеттік басқару ісінде қолдансақ нұр үстіне нұр емес пе? Сол тәрізді «Ақжолдың» кәсіпкерлікке үндеп, әсіресе, жастар мен озық ойлы азаматтарға жол ашуға талпынуы да жоғары бағалауға тұрады. Сондай-ақ, әкем Рахат Алтай осы партияның Семейдегі филиалына соңғы он жыл бойы басшылық жасады. Мен 2020 жылға дейін ешқандай партияға мүше болған емеспін. Бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекетті дамытуда басымдыққа алған бағдарламаларының ақжолдықтар ұстанымымен сәйкес келетіндігін көргеннен кейін ғана партияға мүшелікке өттім. Президенттің бастамаларына азаматтық қоғам тарапынан қолдау болса ғана ілгерілеу болары анық.
Рас, еліміздегі саяси партиялардың көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін. Алайда, түпкі мақсат біреу. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» құру жөніндегі мүддесін тізе қосып, бірлесе жүзеге асыру. Бүгінгі уақыт бізден соны талап етеді.
Ал, биыл міне, мемлекет басшысы Қасымжомарт Кемелұлы ескі сайлау жүйесін өзгертіп, Парламент Мәжілісіне 29 мажиоторлық жүйемен еркін орын ұсынып отыр. Бұл сөз жоқ, саяси тұрғыдан жаңаруға басталған қадам, халық таңдауына еркіндік беру арқылы «Жаңа Қазақстан» құру жолындағы алғашқы тәжірибелердің бірі екендігі анық.
- Орайы келіп тұрған бір сауал, сіз Семей қалалық мәслихатының депутаты болдыңыз. Бүгінде облыстық қоғамдық кеңестің мүшесісіз. Биліктің алдында бүгежіктемей көптеген өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүргеніңізді де білеміз. Көпшілік Семей мен оған іргелес ауылдардың бірқатар проблемаларын шешкеніңізге разы. Егер халық таңдауы сізге түсіп, Мәжіліс төрінен орын бұйырса, ең алдымен қолға алатын жұмыстарыңыз қандай болмақ? Болашақ жоспарыңызбен бөліссеңіз...
- Бүгінгі таңда ел өміріндегі, әсіресе әлеуметтік саладағы мәселелерді күш салмай шешу қиын шаруа. Оған себеп, басқару және бюджет қаржысын игеру механизмі ескіріп барады. Мемлекет тарапынан бөлінген қаражатты тиісті мақсатқа жұмсау жолына сан алуан бөгеттер қойылуы да мүмкін. Соның бәрінен өту оңайға түспейді. Оған мысал көп. «Откат», «Крыша» деген ұғымдар санаға сіңісті болып барады. Осылай басталған бюджет ақшасы мердігер, қосалқы мердігер дегендердің бәрінен өтіп, тиісті мақсатына жұмсалғанша жұлмалауы шығады. Бұл өз алдына үлкен тақырып. Менің Мәжіліс депутаттығына үміткер болуыма түрткі болған жайттардың бірі осы, қоғамға түскен жегі құрт – жемқорлықтың жолын кесу. Оның үстіне заңгер әрі экономист ретінде талай-талай даулы мәселелерге араласқандықтан көп жайтты түсіндім. Әсіресе, атқарушы биліктің назарынан шет қала беретін ауылдық елді мекендердегі келеңсіздіктер жаныңды ауыртады. Қысқасы, бүгінгі күні ескі жүйені бұзып, қасаң қағидаларды өзгерту үшін жаңа көзқарастағы азаматтар билікке де, Мәжіліске де, қоғамдық ұйымдарға да көптеп келуі керек.
- Соңғы сауалым, қалай ойлайсыз, осы жолғы кезектен тыс сайлау әділ өте ме?
- Турасын айтайын, әділеттілікке қол жеткізуде Президентті жалғыз қалдыруға болмайды. Жалған мәлімет беру, жағымпаздану – жарға жығатыны анық. Ол үшін азаматтық қоғам етең-жеңін жиып, бірлесіп күш жұмылдыруы керек. Бірге күресуіміз қажет. «Сайлауға бармай-ақ қояйын, бәрібір менсіз-ақ шешеді» деген сыңаржақ пікірден де аулақ болған жөн. Ондай теріс түсініктен құтылмасақ, айтыскер ақын Ринат Заитов айтқандай, «бауыздайын» деп жатса «жүнімді қырқа ма екен» деп тыныш жата беретін қойдан айырмашылығымыз болмайды. Бұл ауыр сөз болса да шындық. Сондықтан да, әділетті әрі билігі халыққа құлақ асатын, жаңарған Қазақ елін құрғымыз келсе, саяси тұрғыдан сергек, болғанымыз ләзім. Бірімізді біріміз даттамай, дос санай білейік дер едім. Ортақ үйіміздің керегесінің кең болғанын қалайтын қазақтың бір қызы ретінде баршаға, әсіресе сайлаушылар қауымына айтарым осы.
- Расында, «Биік мансап – биік жартас, ерінбей еңбектеп жылан да шығады. Екпіндеп ұшып қыран да шығады» деп дана Абай айтқандай, билікке мансап пен байлықты көздегендер емес, елінің ертеңін ойлаған жаңа толқынның келгені дұрыс-ау. Сондықтан да, жаңа заманның талабын түсіне алатын, турашыл, сөзге емес, іске бекем жастарға дауыс берсек ұтылмасымыз анық. Сұхбат беріп, сыр бөліскеніңіз үшін алғыс...
Ертіс НҰРҚАСЫМ.
Үгіт материалдарын орналастырғаны үшін төлемді аумақтық сайлау комиссиясы республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізді.