Мемлекет басшысы Премьер-министр Әлихан Смайыловты қабылдады
Президентке еліміздің биылғы 6 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы, сондай-ақ Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында (МАЭК) және Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) болған апаттардың себептерін тексеру нәтижелері жөнінде баяндалды.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, батыс өңірінің энергетика жүйесінің жай-күйіне жасалған ауқымды талдау нәтижесінде энергетика кәсіпорындарының жұмысында бірқатар кемшілік жіберілгені анықталды. Бұдан бөлек, Энергетика министрлігінің, «KEGOC» АҚ, «МАЭК» ЖШС және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жұмысында олқылықтар бар екені мәлім болды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке мұнай өңдеу зауытының қауіпсіз және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету шараларын уақтылы жүзеге асырмағаны үшін сөгіс беріледі.
Бұдан бөлек, батыс энергия торабының қауіпсіздігіне тиісті деңгейде бақылау жасамағаны үшін Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовке сөгіс жариялау жөнінде шешім қабылданды.
Сондай-ақ «МАЭК» ЖШС, АМӨЗ, «KEGOC» АҚ басшылары мен лауазымды тұлғаларына қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылады.
Үкімет келешекте мұндай дағдарыс жағдайларына жол бермеу үшін Маңғыстау атом энергетикалық комбинатына жаңғырту және күрделі жөндеу жүргізу, батыс энергетикалық аймағын күшейту, Атырау мұнай өңдеу зауытын сыртқы электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету және сол жерде өзін-өзі энергиямен қамтамасыз ететін станса салу, батыс аймағын Қазақстанның бірыңғай электрэнергетикалық жүйесіне қосу жұмыстарын және басқа да бірқатар шұғыл және жүйелі шараларды жүзеге асырады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына вегетациялық кезеңі су тапшылығы жағдайында өтіп жатқан оңтүстік өңірлерді сумен қамтамасыз ету мәселесі туралы мәлімет берілді. Осыған байланысты Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар қажетті шаралар қабылдап жатыр. Атап айтқанда, сумен қамтамасыз ету үшін суармалы ауыл шаруашылығы дақылдарының қайсысына басымдық берілетіні анықталады, суайналым әдісі қолданылады. Бұдан бөлек, су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстары белсенді жүзеге асырылуда. Арналардағы су шығынын азайту және жинақталатын су мөлшерін көбейту үшін гидротехникалық құрылыстарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ Премьер-министр Әлихан Смайылов «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын жүзеге асыруға, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға және киіктердің санын реттеуге қатысты қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндады.