Әділет министрлігі 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметін қорытындылады
Әділет министрі Азамат Есқараевтың төрағалығымен Министрлік алқасының отырысы өтті. Іс-шара барысында аумақтық әділет органдарының ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысының қорытындылары қаралды.
Азамат Есқараев Әділет министрлігінің алдында қызметтің тиімділігін арттыру міндеті тұрғанын атап өтті. Осыған байланысты әділет органдарында бақылау, талдау және болжау жүйесін едәуір ұлғайту қажет.
«Барлық бастамашыл реформалар деректерге терең талдау жүргізілгеннен кейін ғана әзірленуі тиіс» - деп атап өтті Министр.
Сонымен қатар, Әділет Министрі бірқатар міндеттерді алға қойды. Әсіресе азаматтардың сұраныстарына жедел ден қоюға ерекше назар аудару тапсырылды.
«Қоғамдық кеңеспен тығыз ынтымақтастық орнату жұртшылықпен әрекетесудің ең тиімді тетіктерінің бірі болып табылады. Бұл әділет қызметін қоғамдық бақылаудың бір түрі және біз үшін тұрғындардан кері байланыс алудың мүмкіндігі», - деді Азамат Есқараев.
Алқа отырысына Президент Әкімшілігінің, Үкімет Аппаратының, Республикалық адвокаттар алқасының, Нотариаттық палатаның, Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының, Сот сараптамаларының және әділет органдары бөлімшесінің өкілдері қатысты.
Іс-шара қорытындысы бойынша Әділет министрі орталық аппарат пен аумақтық әділет департаменттерінің басшыларына салалық бағыттардағы көрсеткіштерді жақсарту бойынша нақты нұсқаулар берді.