Еліміздің өкілді органдарына «AMANAT» кандидаттары 75% жаңарды
Бүгін «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXV Съезі өтті. Іс-шараға 2000-нан астам адам қатысты. Олардың ішінде Саяси кеңес мүшелері, Мәжілістің VII шақырылымының бұрынғы депутаттары, өңірлерден келген делегаттар, партияның «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері, сондай-ақ сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері және басқалар бар.
«AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов өз сөзінде аз ғана уақыттың ішінде партия қоғамның жаңа сұраныстарына сәйкес өзгергенін атап өтті.
«Партияға түпкілікті трансформация жасап, құрғақ уәде мен жалаң ұрандардан арылдық. Сөзден нақты іске көшіп, саяси алаңда да, қоғамдық жұмыста да барынша ысылдық, шыңдалдық. Шын мәнінде Мемлекет басшысының қоғамдық тірегіне, елдегі түбегейлі реформалардың қозғаушы күшіне айнала білдік. Ең бастысы, «AMANAT» партиясы қысылтаяң сәттерде әрдайым халқымызбен бірге болды»,- деді ол.
«AMANAT» партиясы барлық деңгейдегі мәслихаттарға 3821, Мәжіліске 119 кандидат ұсынды. Еліміздің барлық өкілді органына ұсынылатын «AMANAT» партиялық құрамасы 75%-ға жаңарды. Олар – Президент реформалары мен партия бағытын жүзеге асыруға қабілетті жарқын көшбасшылардың жаңа тобы. Бұл құрамда барлық өңірдің, барлық саланың өкілдері бар. Нағыз мемлекетшіл, патриот азаматтар. Біздің үміткерлер партияны әділ де таза жеңіске бастайды деп кәміл сенемін. Өйткені, олардың артында өздеріңіздей адал партияластар мен қалың орман халқымыз бар», - деді Ерлан Қошанов.
Өз кезегінде Мәжілістің VII шақырылымының бұрынғы депутаты Еділ Жаңбыршин экономикасы мықты әділ қоғам құру үшін ең алдымен ауылды аяғынан тұрғызу қажет деп есептейді.
«Ауылда халқымыздың елу пайызы тұрады. «AMANAT» партиясы әрқашан ауылға аса мән беріп, ондағы ағайынның еш нәрсеге мұқтаж болмауын қамтамасыз етуді өзіне міндет етіп отыр. Ұлттық болмысымызды сақтаудың, халқымызды тарыдай шашып алмаудың бір жолы – ол ауылдардың инфрақұрылымын дамыту. Осы мақсатты іске асыру үшін «AMANAT» партиясы алдағы бес жылда жүйелі жұмыс істейді. Сондай-ақ, жеке шаруашылықтарды қолдау үшін «Ауыл аманаты» жобасын бастап кеттік», - деді ол.
22 жасында Алматы қаласы мәслихатының өткен шақырылымының депутаты болған паралимпиадашы Серік Есматов қоғамның игілігі үшін еңбек ету әрбір қазақстандықтың қолынан келетінін атап өтті.
«Екі аяғымнан айырылсам да, өмірімді өзгерте алдым және елімізді жақсы жаққа өзгерткім келеді. Заманауи және Әділетті Қазақстанды құру ісіне бүкіл қоғамның атсалысуы маңызды», - деді Серік Есматов.
Сондай-ақ, Съезде журналист, Алматы қаласы мәслихатының VII шақырылымының экс-депутаты Сергей Пономарев, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсендісі Ариана Белобжицкая, белгілі заңгер, «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Базарбек, Түркістан облысы Сарыағаш ауданы мәслихатының депутаттығына кандидат Жұлдыз Жұманқызы және ақын Алмас Ахметбекұлы сөз сөйледі.
Пікір алмасудан және дауыс беру рәсімінен кейін «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXV Съезінің шешімімен партиялық тізімдер мен бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың тізімін және партияның Сайлауалды бағдарламасын бекітті.
Сайлауалды бағдарламаның толық мәтіні үгіт-насихат кезеңінің алғашқы күнінде жарияланып, партияның сайтында орналастырылады.