Су тасқынына қарсы іс-шаралар тек Абай облысында ғана 100% орындалды
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы су тасқыны кезеңінде елді мекендерді қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың баяндауынша, бүгінде мемлекеттік су тасқынына қарсы бағдарламалар аясында іс-шараларды орындау 100 мыңға жуық үй орналасқан және 455 мыңнан астам тұрғыны бар 607 елді мекенде қауіпті азайтып, 214 елді мекенде оны мүлде жоюға мүмкіндік берді.
Оған қоса өңірлерде дайындық жұмыстары жалғасуда. Мәселен, жыл басынан бері 25 шақырым уақытша бөгет пен 57 шақырым дуал тұрғызылды, шамамен 5 мың шақырым канал мен 6 мың шақырым арық, су өткізетін 15 мың автомобиль және 3 мыңнан астам теміржол құрылыстары тазартылды.
Әкімдіктермен бірлесіп, су тасқыны қаупі бар елді мекендер мен учаскелердің тізіміне түзету жүргізілді, нәтижесінде олардың саны 24-ке көбейіп, 1 072-ге жетті. Бұл алдын алу шараларын уақытылы өткізуге мүмкіндік береді.
Гидротехникалық құрылыстарды жөндеу туралы экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова, жолдар, көпірлер мен жолдағы су өткізу құрылыстарын дайындау туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтып берді.
Сондай-ақ өңірлерде жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов және Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Каюпов Тлепберген баяндама жасады.
Премьер-Министрдің айтуынша, су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі алдын ала арнайы қаралуда.
«Көктемге дейін әлі біраз уақыт бар. Дегенмен барлық дайындық шарасын қыс түскенше аяқтау қажет. Су тасқыны қателіктерді кешірмейді, орындалмай қалған жұмыстар мен бөлінбей қалған қаражаттың соңы төтенше жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы биылғы көктем де оңай болмағанын айтып өтті. Оңтүстік және батыс өңірлерде су бұру каналдары мен арықтардың, ондағы елді мекендердің маңайында тасқыннан қорғайтын топырақ үйінділерінің болмауы жағдайды қиындатып жіберді.
«Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында дренаждық жүйелер қатты жауын-шашынға төтеп бере алмады. Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында бұрыннан бар бөгеттер мен топырақ үйінділерін су шайып кетті. Соның салдарынан тұрғын үйлерге су жайылып, олар қирап қалды. Ал Қостанай облысының Шилі ауылында 2020 жылы ғана күрделі жөндеу жүргізілген плотина қирап қалған», — деді Үкімет басшысы.
Әлихан Смайылов екі апта ішінде халықты су тасқынынан қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын дайындау және көп көлемде су келуіне дайындық барысын бақылау қажеттігін атап өтті.
Бұдан басқа қолданыстағы Жол картасын іске асыруды аяқтау қорытындысы бойынша оның орындалуына егжей-тегжейлі талдау жүргізу және Үкімет Аппаратына жүргізілген жұмыстар бойынша есеп беру тапсырылды.
Жалпы Премьер-Министр Жол картасы уақытында іске асырылмаса, ол орындалмай қалатыны сөзсіз екенін айтып өтті.
«Бұл өз кезегінде, материалдық шығын мен су басу қаупін арттыра түседі. Мүдделі мемлекеттік органдар осы жылдың соңына дейін жоспарланған су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын бақылауда ұстауы қажет», — деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов күздің соңына дейін елді мекендерді қоршау, құбырлар мен арықтарды тазарту, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін тексеру және су бұру каналдарын дайындау жөніндегі жұмысты аяқтау қажеттігіне назар аударды.
Үкімет басшысының айтуынша, нысандарды салу кезінде нормалардың сақталмауынан да елді мекендерді су басу жағдайлары қайталанып жатыр.
«Биыл Атырау, Қостанай және Түркістан облыстарында су басқан үйлер су қорғау белдеуінің аумағында орналасқан. Мүдделі мемлекеттік органдар суға жақын маңда құрылыс салуға жер учаскелерін бөлу талаптарын күшейтуі қажет», — деді Премьер-Министр.
Гидротехникалық құрылыстардың жағдайы қатты алаңдатады. Осыған байланысты тек республикалық нысандардың ғана емес, сондай-ақ көп жылдардан бері қараусыз жатқан коммуналдық және жеке меншік су қоймалары мен бөгеттердің де жөндеу жұмыстарын үйлестіру керек.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр жолдарды, көпірлерді, су өткізу құрылыстарын тасқын суды өткізуге дайындау жұмыстарын жалғастыру, сондай-ақ республиканың барлық өңірі үшін су тасқынын модельдеу жөніндегі цифрлық платформаны әзірлеуді тапсырды.