Елімізде көші-қон үдерісін реттеудің бірыңғай жүйесін енгізу жоспарланып отыр
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру барысы қаралды.
Премьер-Министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Тұжырымдама шеңберінде қабылданған шаралар соңғы 10 жылда алғаш рет көші-қонның оң үрдіс қалыптастырғанын атап өтті. Шетелдіктер негізінен тұрақты тұруға ТМД, ҚХР және Моңғолия елдерінен келіп отыр. Бұл ретте техникалық, экономикалық, педагогикалық және медициналық жоғары білімі бар шетел азаматтары көбірек келе бастады.
Сонымен қатар бүгінде ішкі көші-қон ағындары да тұрақтанды. Жыл басынан бері 160 мыңнан астам адам ел ішінде қоныс аударды. Бұл ретте республиканың ірі қалалары ішкі мигранттарды тарту орталығы болып қала береді: олардың үлес салмағы салмағы 40% көлемінде.
Тамара Дүйсенова Көші-қон саясаты тұжырымдамасын жүзеге асырудың негізгі бағыттарына да тоқталды. Біріншісі – білім иммиграциясы, оның мақсаты – Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыру. Ол үшін заманауи кампустары мен ғылыми зертханалары бар салалық университеттер ашу бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп келеді. Екі жыл ішінде Қазақстанның жоғары оқу орындары базасында шетелдің ірі университеттерінің 6 филиалы құрылды.
Бизнес-иммиграцияны дамыту шеңберінде Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, А-5 санатындағы инвесторлар шетелден жұмыс күшін тарту үшін рұқсат алмайтын болды. Жыл басынан бері 76 шетел азаматына осындай инвестор визасы берілді.
Сонымен қатар әлеуетті инвесторларға шетелдегі мекемелерден «бір өтініш» қағидаты бойынша ЖСН және ЭЦҚ беру рәсімі жеңілдетілді және шетелде табысты бизнестері бар этностық қазақтар үшін «Ата жолы» картасын беру тәртібі бекітілді. Бүгінгі таңда «Ата жолы» картасын иеленген қандастардың алдын ала тізімі жасалды.
Тағы бір бағыт аясында Қазақстанға шетелдік білікті мамандар тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, биыл 1 шілдеден бастап талап етілетін кәсіптердің бекітілген тізбесі шеңберінде нақты жұмыс басталды. Енді осы тізімдегі мамандығы бар шетелдіктер елімізде тұрақты тұруға ықтиярхат алу үшін жеңілдетілген тәртіппен өтініш бере алады.
Этностық иммиграцияны реттейтін бағыт шеңберінде «қандас» мәртебесін алуға бағытталған өтініштерді қабылдау тетігі қайта қаралды. Мәселен, 1 шілдеден бастап Қазақстанның елшіліктері шетелдегі қандастарымыздың өтініштерін «Бір терезе» қағидаты бойынша қарай бастады
Сонымен қатар Тұжырымдама шеңберінде шетелде еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтарын қорғауға қатысты жұмыс жүргізіліп келеді. Бірінші тоқсандағы есеп бойынша 194 мыңнан астам адам Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін Түркия, БАӘ, Ұлыбритания және басқа да елдермен жаңа келісімдерге бастамашылық ету үшін қосымша шаралар қабылданды.
Қорытындылай келе, Тамара Дүйсенова жұмыс күші көп өңірлер мен жұмыс күші жетіспейтін аймақтар арасындағы демографиялық айырманы теңестіру жөніндегі жұмыстар, сондай-ақ босқындармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері туралы баяндады.
Академиялық ұтқырлықты дамыту мәселелері бойынша ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйледі. Заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар туралы ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтып берді. Өңірлердегі жағдай туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова баяндады.
Премьер-Министрдің айтуынша, 2027 жылға дейінгі көші-қон саясатының тұжырымдамасы көші-қон процестерін басқаруда қолданыстағы тәсілдерді жетілдіріп, жаңа тәсілдерді дамытуға бағытталған. Құжаттың негізгі басымдықтарының бірі – елімізге біліктілігі жоғары мамандарды, соның ішінде кәсіпкерлерді, яғни әлеуетті инвесторларды тарту.
«Біз басқа елдерден бизнесмендерді, сұранысқа ие мамандарды тарта аламыз. Алайда, сонымен бірге азаматтарды өз еліміздің ішінде жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуын ынталандыруға баса көңіл бөлуіміз қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында өңірлік квотаны орындау жұмыстары баяу екенін атап өтті.
«Еңбек ресурстарын тарту бойынша бұдан да тиімді шаралар қабылдап, жұмыс күші артық өңір әкімдіктерімен өзара іс-қимылды жолға қою керек. Барлық жерде тиісті бейімделу және интеграция орталықтарын құруды қамтамасыз ету қажет. Мұндай орталықтар Абай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында әлі күнге дейін құрылмаған», — деді Үкімет басшысы.
Оған қоса Премьер-Министр жетекші шетелдік университеттермен бірге академиялық ұтқырлықты кеңейту жөнінде пәрменді шаралар қабылдау, сондай-ақ шетелдік оқытушылар мен жас ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында іс-шараларды күшейту қажеттігін атап өтті.
Үкімет басшысының айтуынша, елге перспективасы бар шетелдік бизнесмендерді тартуға бағытталған жобаларды тиімді іске асыруды қамтамасыз ету маңызды.
«Біз біліктілігі жоғары шетелдік мамандарды осындай кадрлар жетіспейтін салаларға тартуымыз керек, олар отандық мамандарға өз білгендерін үйретуі керек», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министрдің айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірге елімізде жоғары сұраныс бар мамандық иесі немесе шетелде табысты бизнес-жобалары болса, олардың мүмкіндіктерін әрі қарай Қазақстанда пайдалану үшін шетелдік азаматтардың елімізге жеңілдетілген тәртіппен кіруін қамтамасыз етуі тиіс.
Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов заңсыз көші-қонмен күресті және шетелде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың құқықтарын қорғау шараларын күшейту, сондай-ақ жыл соңына дейін «Бүркіт» жүйесімен интеграциялай отырып, елдегі көші-қон процестерін реттеудің бірыңғай жүйесін енгізу қажеттігін айтты.