Қарулы күштердің әскери қызметшілері Абай мұрасына құрмет көрсетуде
Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері бір ай бойы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы ойшыл, ағартушы, ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылығын дәріптеуге арналған іс-шараларға қатысатын болады.
Елімізде Абай күні Үкімет қаулысымен 2020 жылы бекітіліп, мерекелердің ресми тізіміне енгізілген болатын. Бүгін Қазақстан халқы ұлы ақынның туғанына 178 жыл толуын атап өтуде.
Қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Хакім Абай – ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан кемеңгер. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу ісінде Абай өсиетінің маңызы зор. Адал азамат ұғымы ұлы ақынның «толық адам» тұжырымынан бастау алады. Біз Абай мұрасын насихаттауды жалғастыра береміз», – деп жазды
Бүгінде елімізде жас ұрпақты қазақтардың рухани әлеміне зор үлес қосқан ойшылдың баға жетпес мұрасымен таныстыру үшін көп нәрсе жасалуда.
Ақынның шығармаларын әлем халқы он тілде оқи алады. Қазақстанның шетелдегі елшіліктері жанынан Абай орталықтары ашылған. Жоғары оқу орындарында «Абайтану» курсын оқыту енгізілді.
Абай күніне орай Қарулы күштердің барлық әскери бөлімдерінде Абай оқулары, әдеби кештер, викториналар мен мәнерлеп оқу сайыстары өтуде. Хакімнің өмір жолы мен шығармашылығы қай заманда да адамзат үшін рухани қолдау мен адамгершілік бағдар ретінде қызмет ете бермек.
Тамыз айының соңына дейін жалғасатын іс-шараларға әскери қызметшілер ғана емес, олардың отбасы мүшелері де қатысады.