Апаттық және үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесі шешілуде
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық мәселелері қаралды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев баяндама жасады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, бүгінде еліміз бойынша 2-6 жас аралығындағы балалардың 89,1%-ы мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылған. Жыл басынан бері бұл бағытта өсім байқалады. Егер бірінші тоқсанда 10 мың балаға арналған 117 ұйым ашылса, қазір 30 мың обалаға арналған 308 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады. Дегенмен, министрдің сөзінше, Ұлытау, Маңғыстау және Қарағанды облыстары әкімдері жылдың соңына дейін жоспарлы көрсеткіштерге жету үшін жұмысты күшейтуі қажет.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 қыркүйектен бастап балабақшаға баратын аз қамтылған отбасылардан шыққан 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысы тәрбиешілердің еңбекақысын арттыруды тапсырған болатын. Биыл 1 қыркүйектен бастап тәрбиешілердің еңбекақысы 30%-ға көтеріледі», — деді Ғ. Бейсембаев.
Бұдан басқа мектепке дейінгі ұйымдарда орындардың бөлінуін ашық жүргізу үшін жыл соңына дейін Балаларды кезекке қоюды есепке алудың бірыңғай базасы әзірленуде. Оны толықтай іске қосу жылдың соңына дейін жоспарланып отыр.
Әрі қарай оқу-ағарту министрі жаңа 2023-2024 оқу жылына дайындық жұмыстары туралы айтып берді. Оның айтуынша, 1 қыркүйектен бастап 7 мың 700 білім беру ұйымында 3 млн 900 мың бала білім алады, олардың 364 мыңы – бірінші сынып оқушылары.
Жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіледі. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде бірнеше рет талқыланды. Биыл 460 мың бала үшін 65,3 млрд теңге қарастырылған. Маңғыстау облысының әкімдігі бұл жұмысты 18 тамызға дейін аяқтауы қажет.
«Президенттің 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасын орындау мәселесі Үкімет деңгейінде бірнеше рет қаралды. Бүгінде осы тапсырманы орындау үшін барлық өңір әкімдіктері тарапынан қажетті қаржы бөлінді», — деді Ғани Бейсембаев.
1 қыркүйектен бастап 1 млн 400 мың бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтанады.Асханасы жоқ мектептерде ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, тамақтандыру 3 тәсілмен ұйымдастырылатын болды: кейтеринг, модульді асханалар құру, буфетте тамақтандыру.
Сонымен қатар мектеп автопаркінде 27 мың баланы тасымалдайтын 1 319 автобус бар. Олардың 515-і жоспарлы түрде жаңартылуда. Қазіргі уақытта өңірлерге 433 автобус жеткізілді. Жыл соңына дейін тағы 75 автобус жеткізіледі. Тек Маңғыстау облысының әкімдігі автобустарды сатып алу рәсімін жеделдетуі қажет.
Жайлы орта қалыптастыру мақсатында аймақтардағы 260 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 1 қыркүйекке дейін 194 нысанды тапсыру жоспарланған. Ал қалған 66 мектепте жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталады. Дегенмен Оқу-ағарту министрлігі жүргізген мониторинг аясында Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жөндеу мерзімнің бұзылу тәуекелдері анықталып отыр.
Сонымен қатар биыл іске қосу жоспарланған 154 мектептің құрылысы жүргізілуде. Олардың ішінде 65,6 мың балаға арналған 52 мектеп 1 қыркүйекке дейін, ал 66,4 мың балаға арналған тағы 102 мектеп жыл соңына дейін іске қосылады. Бұл, өз кезегінде, 12 апаттық және 29 үш ауысыммен оқытатын мектеп мәселесін шешуде. Алайда 4 өңірде құрылысты уақытылы аяқтамау тәукелдері бар.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша келесі жұмыстар жүргізілді:
Бірінші. Мектептерді ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылды. Ұлттық білім беру деректер базасына сәйкес бұл көрсеткіш 12 тамызда 83%-ды құрады. Жүйеге жыл басында 1 673 мектеп қосылған болса, қазір көрсеткіш 3 103 мектепке артып отыр. Алайда Алматы, Атырау және Қарағанды облыстарының әкімдіктері бұл жұмысты баяу жүргізуде. Сондықтан аталған өңірлер жедел басқару орталықтарына қосылу бойынша жұмысты 25 тамызға дейін аяқтауы қажет.
Екінші. Лицензияланған күзет агенттіктерімен келісім-шарттар жасалды. Қазіргі уақытта мектептердің 84%-ы осы бағытта жұмыс жүргізді.
Үшінші. Мектептердің 89%-ы дабыл түймелерін орнатты. Жыл басында дабыл түймелері бар 1 789 мектеп болса, бүгінде бұл көрсеткіштің 1,9 есе өскен. Дей тұрғанмен, Түркістан, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері бұл мәселені жүйелі түрде қатаң бақылауда ұстауы қажет.
Әрі қарай оқу-ағарту министрің қосымша білім мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, биыл қосымша білім берумен қамту 81,1%-ды құрады. Алайда бірқатар өңірде, атап айтқанда, Ұлытау, Атырау, Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарында бұл бағыттағы жұмыстар республикалық көрсеткіштен төмен. Жаңа оқу жылынан бастап 2 млн 900 мың баланы қосымша біліммен қамту жоспарланған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық және кәсіптік білім беруге мемлекеттік тапсырысты ұлғайту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда 133 мың грант бөлінді. Оның 60%-ы техникалық мамандықтарға бағытталды. Сондай-ақ 1 қыркүйектен бастап колледж студенттерінің стипендиясы өткен жылғы деңгейден 50%-ға артады.
Бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау мақсатында міндетті түрде жұмысқа алатын кәсіпорындардың өтінімдері бойынша 10 мың түлек үшін нысаналы мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. 410 колледжді кәсіпорындар қамқорлығына алып отыр.
Сонымен қатар бірқатар өңірде техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуда оң нәтиже бар. Мәселен, Алматы қаласында техникалық және кәсіптік білімді дамыту бойынша 2023-2030 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. 600 колледж педагогі шетелдік тағылымдамадан өтеді. Дуалды оқыту аясында тәлімгерлік институтын дамыту, 1 200 студентке арналған екі колледж және жатақхана салу жоспары бар.
Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында мақсатты мемлекеттік тапсырысты орналастыруда бизнеспен тығыз баланыс бар. Соның нәтижесінде түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші артты. Жыл сайынғы WorldSkills Kazakhstan чемпионаттарында бұл өңірлердің студенттер жүлделі орындарға ие болады.
Дегенмен Түркістан, Алматы және Маңғыстау облыстарында бұл бағыттағы жұмыстардың көрсеткіші төмен екенін атап өткен жөн. Аталған өңірлерде түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштері республикалық деңгейден төмен. Осыған байланысты Алматы, Түркістан және Маңғыстау облыстарының әкімдері техникалық және кәсіптік білімді дамыту бойынша жұмыстарды күшейтуі қажет.
«Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыр, жұмыс әрі қарай да жалғасатын болады», — деді Ғани Бейсембаев.
Әрі қарай жаңа оқу жылына даындық мәселелері бойынша ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев баяндама жасады. Оның айтуынша, ведомство мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда.
Жаңа оқу жылы аясында 27 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Назар аудар – балалар!» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. Оның негізгі мақсаты – жолдарда балалардың жарақат алуын азайту, оның ішінде жол жүру ережелерін сақтау бойынша балалардың тәртібін жақсарту көзделген. Алғашқы 3 күнде білім беру ұйымдары орналасқан аймақтарда жол белгілерінің, бағдаршамдардың болуы бойынша тексеріс жүргізіледі.
Сондай-ақ автобустары бар мектептердің балаларды тасымалдауға лицензиясының бар-жоғы қаралады. Бірінші қыркүйектен бастап полиция жасақтары білім беру ұйымдарына барынша жақындатылады. Сонымен қоса ішкі істер органдардың басшылары мектептерге барып, қауіпсіздік негіздері бойынша қосымша сабақтар жүргізетін болады.
Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікке қатысты ішкі істер органдары 5 620 мекеменің қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталуын тексерді. Нәтижелері бойынша 2 900 нысанда бұзушылықтар анықталды. Олар негізінен: бейнебақылау жүйелерінің стандарттарға сәйкес келмеуі; дабыл түймелерінің жоқтығы; турникеттер мен лицензияланған күзеттің болмауы. Барлығы 24 басшы жауапқа тартылды. 5,4 млн теңгеге айыппұл салынды. Қалғандары бойынша кемшіліктерді жою туралы ұйғарымдар енгізілді. Тексерулер жалғасуда.
Білім беру ұйымдарының бейнебақылау камераларын жедел басқару орталықтарына және кезекші бөлімдерге қосу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда осы жұмыс мектептердің 83%-да аяқталды. Алматы (50%), Атырау (70%) және Қарағанды (74%) облыстарында ол нашар жүргізілуде.
«Министрлік балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараны қабылдауда: бейнебақылау жүйелерін жедел басқару орталықтарына қосу бойынша техникалық көмек көрсетіліп жатыр; қаражатты үнемдеу мақсатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік органдардың бірыңғай желісі бойынша байланыс арналарын ұйымдастыру мәселелесі пысықталуда; күзет мекемелерімен шарттар жасасуды жеделдету үшін Оқу-ағарту министрлігіне талаптарға сәйкес келетін ұйымдардың тізімі берілген; Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, балалар мен мұғалімдерді түрлі қауіпті жағдайларға дайындау бойынша сабақтар өткізу тәжірибесі енгізілді», — деді ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев.
Сонымен қатар, ведомство өкілінің айтуынша, балалардың қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін жергілікті атқарушы органдарға орын алған кемшіліктерді жою, мектептерді тиісті қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтауды және камераларды полиция органдарына қосуды тез арада аяқтау қажет.