Қазақстандық мектептердің 6,8 мың түлегі – «Алтын белгіге» үміткер
Бірнеше күннен кейін 3,7 миллион оқушы үшін 2022-2022 оқу жылы аяқталады. Олар жазғы каникул кезінде 90 күн демалады. Бүгін Үкімет отырысында биылғы оқу жылының қорытындысы және балалардың жазғы демалысты қалай өткізетіні туралы айтылды.
Оқу жылының аяқталуына санаулы күндер қалды. Еліміздің барлық оқушылары оқу жылының аяқталуы мен жазғы каникулды асыға күтуде.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, министрліктің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – биылғы оқу жылын табысты аяқтау және балалардың жазғы демалысы мен сауықтыруын сапалы ұйымдастыру, әрі қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету.
Осы жылдың жаңалығы – елімізде оқу жылы 34 аптадан 36 аптаға дейін ұзартылды. Осыған сәйкес оқу жылы 31 мамырда аяқталады.
Бұл шешімге негіз болған себептер:
- балалардың өз отбасымен бірге көбірек уақыт өткізуін сұраған ата-аналар өтініштері ескеріліп, оқушылар бес күндік оқу аптасына көшті;
- жүктемені азайту жөніндегі сарапшылар ұсыныстары қабылданды;
- оқу аптасының ұзақтығы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкестендірілді.
Егер әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінде оқу жылы 40 аптаны құрайды. Осыған орай әлем оқушылары жазғы каникулда 77 күн ғана демалса, біздің оқушылар үшін 13 апта немесе 90 күн демалыс белгіленген.
Оқу жылы Қазақстан мектептерінің 3,7 млн астам оқушысы үшін аяқталады. 11-сыныпты 172 мың түлек бітіреді, оның ішінде «Алтын белгіге» үміткерлердің саны – 6,8 мың. Оқу жылының аяқталуы бойынша салтанатты іс-шараны 1 маусымда – Балаларды қорғау күнін мерекелеу аясында өткізу жоспарланған. Аттестаттарды салтанатты табыстау осы жылдың 20-22 маусым аралығында өтеді. Қорытынды емтихандар 9-сыныптарда төрт пәннен 2-13 маусым аралығында, ал 11-сынып түлектері үшін бес пәннен маусымның 5-і мен 19-ы аралығында өтеді.
Жазғы уақыттағы маңызды жұмыстардың бірі – балалардың демалысы мен оларды сауықтыру шараларын ұйымдастыру. Жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен 1-10 сыныптар аралығындағы балардың 85,3%-ы қамтылатын болады, бұл – 2,8 млн бала. Оның ішінде жекелеген санаттағы отбасылардан 500 мың бала бар.
«Қазіргі таңда лагерлерде балаларды қабылдауға дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр, ол аяқталуға жақын. Каникулды асыға күткен балаларымызға 218 қала сыртындағы және 10,2 мың мектеп жанындағы, бейінді және шатыр лагерьлер есігін айқара ашатын болады», — деді оқу-ағарту министрі.
Бұдан бөлек оқушыларға дәстүрлер мен мәдени құндылықтармен танысуға мүмкіндік беретін «Этноауыл», «Жаздық жолдама» жобаларын іске асыру, жетекші университеттер жанындағы жазғы және олимпиадалық резерв мектептері жұмысы көзделген.
Сонымен қатар жаз мезгілінде 1,4 млн бала қосымша білім беру мекемелеріндегі секциялар мен үйірмелерге қатысады. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында ғылыми-техникалық, музыкалық, көркемдік, экологиялық, туристік және басқа да бағыттардағы 11 мың үйірме жұмыс істейді.
Балалар «Жасыл ел» бағдарламасы аясында көгалдандырумен шұғылданады, еліміздің киелі жерлеріне саяхаттайды, спорттық жаттықтыру жиындарында шынығады, тілдік курстармен қамтылады.
ҚР Премьер-Министрінің балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы өкімін орындау мақсатында тиісті мемлекеттік органдар төмендегі шараларды қабылдауы қажет:
- Денсаулық сақтау министрлігі демалыс объектілерінің дайындығын тексеріп, санитарлық бақылауға алуға тиіс;
- Төтенше жағдайлар министрлігі балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, демалыс орындарындағы өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша алдын алу шараларын күшейтуі қажет;
- Ішкі істер министрлігі жаз мезгілінде аттракциондар, лагерьлер, саябақтар мен ойын алаңдарындағы балалар қауіпсіздігін күшейтуі, сондай-ақ балаларды тасымалдау кезінде жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударуы қажет.
- Ал жергілікті атқарушы органдар жазғы лагерьлер мен алаңдарды дайындау жұмыстарын толық аяқтап, балалардың жайлы және қауіпсіз демалысы мен сауықтыру шаралармен қамтылуын ұйымдастыруға тиіс.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуныша, балалардың жазғы демалысын сапалы және қауіпсіз жағдайда ұйымдастыру, өткізу министрліктің ерекше назарында болады. Бұл бағытта әкімдіктермен, министрліктермен бірлескен жұмыс жолға қойылған.
«Жазғы каникулды балалар үшін әсерлі әрі мазмұнды өткізу мақсатында барлық мүдделі мемлекеттік органдарды, білім беру ұйымдарын, педагогтерді, ата-аналарды бірлесе күш жұмылдыруға және балалардың жазғы демалысын өткізу шараларына жоғары жауапкершілікпен қарауға шақырамыз», — деді оқу-ағарту министрі.
Әрі қарай мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов тақырып бойынша баяндама жасады.
Оның айтуынша, каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру мақсатында және жаңа салалық тұжырымдамалардың аясында Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан бірқатар іс-шаралар кешені көзделген.
«Жазғы демалыс кезінде мәдениет саласында 500-ден астам, спорт және туризм салаласында 300-ге жуық іс-шара ұйымдастырылатын болады. Бүгінде мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс аясында үйірмелер мен секциялардың 114 түрі қызмет етуде. Музейлер мен киелі орындарға тегін экскурсиялар ұйымдастыру, балаларды кітапханаларға апару, спектакльдер мен қойылымдар көрсету сияқты түрлі мәдени-бұқаралық іс-шара көзделген», — деді А. Оралов.
Ұлттық музей «Тарихи тұлғалар», «Шаңырақ», «Әсемдікке құштарлық», «Қызықты этнография», «Ұрпақ+» мәдени-білім беру жобалары аясында экскурсиялар, дәрістер, шығармашылық кештер және дөңгелек үстелдер ұйымдастыруда, сондай-ақ «Мирас» және «Жас археолог», «Кескіндеме және графика», «Шебер» арнайы студиялары мен үйірмелері жұмыс істейді. Сонымен бірге ерекшелігі бар келушілер үшін «Мейірім» инклюзивті әлеуметтік жобасы іске асырылуда. Бұдан бөлек «Музейдегі мектеп күні» іс-шарасы өтеді.
Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде және Мемлекеттік орталық музейде жазғы демалыс мезгілінде экскурсиялар мен көрмелер ғана емес, «Жас экскурсия жүргізушілері», «Жас домбырашылар», «Жас өлкетанушылар» үйірмелері тегін жүргізілмек.
Еліміздің барлық кітапханасында ай сайын «әдеби ертеңгіліктер» өткізіледі. Республикалық театрлардың репертуарында жазғы демалыс кезінде «Сиқырлы терезе», «Туған күн», «Әріптер әлеміне саяхат», «Ойнайық және ойлайық» «Кішкентай Мук», «Қызық пілдің шытырман оқиғасы» сияқты спектакльдер мен қойылымдарды көрсету көзделген. Н. Сац атындағы балалар театрында «SatsComUnity» балалар театр студиясы жұмыс істейтін болады. 1 маусым – Балаларды қорғау күніне мәдениет ұйымдары түрлі форматтағы мерекелік іс-шаралар дайындады. Мысалы, Ғ. Мүсірепов атындағы театрда «Кішкентай ханзаданың оралуы» спектаклінің тұсаукесері өтеді.
Еліміздің кітапханалары мен музейлерінде экскурсиялар, дәрістер және танымдық іс-шаралар жалғасады: белгілі қазақстандық суретшілердің, мүсіншілердің, өлкетанушылардың, археологтардың қатысуымен пленэрлер, «BookCrossing» акциясы, ал барлық ауылдық округтерде «Жылжымалы кітапханалар» ұйымдастырылады.
Р. Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Жазғы кино» бірегей жобасын бастайды. Оның аясында классикалық және анимациялық фильмдермен қатар «Қазақфильм» киностудиясы және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген жаңа кинокартиналар тегін көрсетіледі.
Сонымен бірге жазғы демалыс кезінде «Temps lié» (Темплие) кәсіби хореографиялық білім берудің халықаралық фестивалі, «Шабыт», «Astana-Merey» халықаралық конкурстары, «Ұлы дала ұрпақтары» республикалық қолөнер байқауы, «Алтын қазына» және «Арт-колонок» балалар шығармашылығы республикалық конкурстары өткізіледі.
Мемлекеттік рәміздер күніне орай барлық мектеп лагерьлері мен балабақшаларында «Қазақстан менің әлемімде» асфальтта сурет салу конкурсы, «Менің елім Қазақстан» тақырыбында түрлі конкурс және «Менің туым – менің мақтанышым» флешмобы жоспарлануда.
«Балаларға арналған іс-шаралар мен жобаларға қатысу тегін болады», — деді Асхат Оралов.
Мәдениет және спорт министрінің айтуынша, жұмыстың келесі бағыты – балалар мен жасөспірімдердің спорттық әлеуетін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау. Олардың ең белсенді үлесі жалпы білім беретін мектеп оқушыларына тиесілі.
Биыл Министрлік «Qazaqstan Jastar Fest» спорттық-жастар фестивалінің жаңа жобасына бастамашылық жасады. VI жазғы Спартакиада аясында «Спорттық жаз» челленджі бастау алады. Атақты спортшылар мен спорт жанашырлары әлеуметтік желілерде қысқа бейнероликтерді жүктеу арқылы спортпен шұғылдануды насихаттайтын болады.
Сонымен қатар 23 маусымда еліміздің барлық өңірінде елорданың 25 жылдығын мерекелеуге және Халықаралық Олимпиада күніне орайластырылған «Мен спортты таңдаймын!» республикалық акциясы басталады.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларға айрықша көңіл бөлінеді, осы бағытта «Children Paralympic Games 2023» инклюзивті спорт фестивалі өткізіледі. Оған еліміздің барлық өңірінен ерекше қажеттіліктері бар балалар қатысады, «Инклюзивті хореография» үйірмесінің тәрбиеленушілері арасында би байқауы өтеді. «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы аясында «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорымен бірлесіп, тегін бейімделген спорт секциялары ұйымдастырылады.
«Министрлік ұйымдастырған барлық спорттық іс-шара мен жобаға балаларға кіру тегін екенін айрықша атап өткен жөн. Ендігі кезекте балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға келсек, балалар саяхатына қатысты жобаларды қолдау ерекше басымдыққа ие», — деді мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Мәселен, оқушылар арасындағы жоғары сұраныс пен өзектілікті ескере отырып, тарихи-мәдени және туристік объектілерге бару бойынша «Жанды сабақтар» жобасын трансформациялау жоспарлануда. Еліміздің барлық өңірінде балалар аудиториясына бағытталған туристік өнімдер желісі кеңейтілетін болады.
Одан кейін денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өз саласы бойынша баяндама жасады.
«Денсаулық сақтау министрлігі жазғы каникул барысында балалардың сауықтыру демалысын ұйымдастыру кезінде медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, үйлестіруді және сауықтыру мекемелерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды жүргізуді жүзеге асыратын болады», — деді министр.
Әкімдіктердің мәліметінше, биылғы жазғы маусымда он мыңнан астам лагерьде 2,8 миллионға дейін бала сауықтырылады. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінде лагерьге баратын балаларды медициналық тексеру, оның ішінде иммундық статусын тексеру, денсаулық жағдайы туралы анықтамалар беру, инфекциялық науқастармен байланысының жоқтығын тексеру ұйымдастырылады. Қала сыртындағы лагерьлерде 400-ге жуық медицина қызметкері медициналық көмек көрсетеді.
Сауықтыру мекемелеріне қойылатын негізгі талаптарға келетін болсақ, балалар келгенге дейін барлық қала сыртындағы лагерьлер санитарлық-эпидемиологиялық ережелерге сәйкестігін растайтын санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алуға міндетті, олар:
– балаларға лагерьге келгенге дейін және лагерьде кезде медициналық қызмет көрсету;
– персоналды медициналық тексеру;
– тамақ дайындау және тамақтану шарттары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
– су қоймалары мен бассейндерді қоса алғанда, тұру және демалу жағдайларын жасау;
– ауыз судың қауіпсіздігін бақылау;
– аумақ пен үй-жайларды әртүрлі жәндіктерге, кеміргіштерге, кенелерге және қан сорғыштарға қарсы тазарту жұмыстарын жүргізу.
«Өткен жылғы тәжірибе лагерьлерді ашуға рұқсат алу үшін дайындық жұмыстарын уақытылы алдын ала жүргізу қажеттігін көрсетеді. Сауықтыру ұйымдарының қызметін бақылау барысында былтыр белгіленген талаптардың бұзылуы анықталды, олар бойынша 14 ұйғарым берілді, 2 млн теңгеден астам сомаға 20 адамға айыппұл салынды», — деді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Мұндай фактілерді болдырмау үшін өңірлердің әкімдіктері мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы маусым басталғанға дейін дайындық кезеңінде ғимараттар мен құрылыстарды жөндеу – қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу; аумақты тазарту және оларды өңдей отырып, абаттандыру; желдету және ауаны баптау жүйелерін қоса алғанда, инженерлік желілердің жұмыс істеу тиімділігін тексеру; жеткілікті мөлшерде төсек-орын, ыдыс-аяқ, асхана жабдықтары мен жиһаздармен жарақтандыру; персоналды оқыту қажет.
Бұл лагерлердің уақытында ашылмай қалу қаупін азайтады. Санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды болмаған кезде балаларды қала сыртындағы лагерьлерге қабылдауға жол берілмейді.
«Жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыруға лагерьді таңдау кезінде ата-аналардың әрекеттері аса маңызды. Ата-аналарға министрліктің сайтында, сондай-ақ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің және оның аумақтық департаменттерінің сайттарында орналастырылған лагерьлер туралы ақпаратты пайдалануды ұсынамыз», — деді Ажар Ғиният.
Әрі қарай өңірлердегі ахуал бойынша әкімдер баяндама жасады.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, балалардың бос уақытын белсенді және сапалы қамтамасыз етудің маңызын ескере отырып, балаларды жазғы сауықтыру лагерьлерімен және алаңдармен қамтуды арттыру мақсатында бірқатар шара қабылданып жатыр.
«Жазғы кезеңде балалардың шамамен 98%-ын қамтуды жоспарлап отырмыз, бұл – 1-ден 10-сыныпқа дейінгі 186 мыңнан астам бала, оның ішінде аз қамтылған және жетім балалар шамамен 10 мыңды құрайды. Қаланың білім беру ұйымдарының базасында 155 демалыс лагері, оның ішінде 85 мектеп жанындағы лагерь, 68 бейінді лагерь, 2 қала сыртындағы лагерь жұмыс істейтін болады», — деді Ж. Қасымбек.
Балалардың жазғы демалысы екі бағыт – сауықтыру және жұмыспен қамту бойынша ұйымдастырылады.
Астана қаласы әкімінің мәлімдеуінше, бірінші бағыт бойынша арнайы лагерьлер жұмыс істейтін болады. Жазғы уақытта балаларды жұмыспен қамту, оның ішінде спортпен, шығармашылықпен және біліммен айналысу шаралары қолға алынып жатыр. Қосымша тәрбие жұмыстары бағыты бойынша экскурсиялық сауықтыру лагерьлері ұйымдастырылуда. Осылайша, шамамен 185 мыңнан астам баланы жұмыспен қамту жоспарланып отыр, бұл 94%-ды құрайды.
Сондай-ақ демалыс лагерьлерінде, экскурсияларда және туристік сапарларда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар шара қабылданды: барлық білім беру объектісінде бейнебақылау, дабыл түймелері орнатылды, ТЖД, полиция және денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен бірлесіп, оқыту жүргізілді.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, Маңғыстау облысындағы 204 білім беру мекемесіндегі 196 мың білім алушы биылғы оқу жылын 31 мамырда аяқтайды. Оқу жылының қорытындысы бойынша салтанатты шаралар 1 маусымға жоспарланды. Тиісті жұмыстар ата-аналар, мүдделі органдармен жүргізілді, қауіпсіздік шаралары сақталатын болады.
9-сыныпты аяқтайтын 14 500 оқушы және 11-сыныптың 7 500 түлегі үшін қорытынды аттестаттау Оқу-ағарту министрлігі бекіткен күндері өтеді. Биылғы 18 мамырда Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Алтын белгіге үміткер 149 түлек түгел тестілеуге қатысады.
Өңір басшысының сөзінше, биыл облыста 239 сауықтыру орны жұмыс істейді, олардың қатарында қала сыртында 3 лагерь, мектеп жанынан тамақтандыратын 92 лагерь және 144 кәсіптік, шатыр, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық лагерьлері бар. Облыстық балалар ауылының тәрбиеленушілері мен 2 000-ға жуық оқушыға еліміздің басқа өңірлеріне демалыс, экскурсиялар ұйымдастырылады.
«Соңғы жылдары өңірімізде туризм саласының дамуы қарқын алып келеді. Осы орайда өткен жылы балаларды теңіз жағасында демалтумен қатар, облыстың көрнекі орындарына – табиғат аясына алғаш рет туристік-өлкетану бағытындағы шатыр лагерьлер ұйымдастырдық. Мұндай демалыс түрі оқушылар мен ата–аналар арасында оң пікір қалыптастырып, кеңінен қолдау тапты. Биыл да осы шараны жалғастыратын боламыз», — деді Н. Ноғаев.
Атаулы лагерьлер Каспий теңіз жағалауында, Ақеспе, Шерқала, Айрақты тауларының бөктері, «Ақмыш» мәдени демалыс паркі секілді жерлерде ұйымдастырылады.
«Өткен жылы 300 балаға ұйымдастырып бастаған едік, енді жыл сайын балалар санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл шараға бюджеттен тиісті қаражат бөлінді», — деді өңір басшысы.
Оның мәлімдеуінше, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 682 млн теңге бөлінді.
Сонымен қатар өңірдегі компаниялар мен кәсіпорындардың қолдауымен 5 000 бала облыс, облыстан тыс жерлерде тегін демалуға мүмкіндік алады. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы аясында 1 410 дарынды ауыл баласы Каспий теңізі жағалауындағы «Фламинго» лагерінде демалатын болады.
Нәтижесінде, жазғы сауықтыру шараларымен 144 627 оқушы (91%) және еңбекпен, танымдық шығармашылық, спорттық, туристік шаралармен олардың 90%-ы қамтылады.
«Жазғы демалысты ұйымдастыруда жауапты мүдделі органдарға тиісті тапсырмалары берілді және балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда болады», — деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.