Үкіметте Кәсіпкерлік қызметті реттеу жөніндегі ведомствааралық комиссияның отырысы өтті
Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев кәсіпкерлік қызметті реттеу жөніндегі ведомствааралық комиссияның кезекті отырысын өткізді. Жиынға мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты.
ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев «Жануарлар түрін пайдалануға рұқсат беру» лицензиялау рәсімі шеңберінде құжаттарды ұсыну талабы туралы баяндады.
Бүгінгі таңда Ұлттық экономика министрлігі реттеушілік әсерді талдау процедурасының сақталуына оң қорытынды беріп, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы реттеушілік әсердің осы талдауына ескертулер мен ұсыныстардың жоқтығын жеткізді.
Сонымен қатар жиынға қатысушылар банктік қарыз шарты немесе шағын несие беру шарты бойынша несие ұсынушы құқықтарын (талаптарын) белгілеген кезде уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiне сәйкес жеке тұлғалардың берешектерiн коллекторлық агенттiктер арқылы есеп айырысу ісіне қатысты мәселелерді қарады. Нақтылай айтқанда, коллекторлық агенттіктің борышкердің берешегін өтеуі бойынша шаралар қабылдау, дәлірегі, банктік қарыз шарты негізінде міндеттемелерді енгізу туралы талқыланды.
Комиссия отырысын қорытындылап, Ерұлан Жамаубаев комиссияға реттеушілік әсерді талдау нәтижелері бойынша шешім қабылдау қажеттігін атап өтіп, мемлекеттік органдарға бірқатар тиісті тапсырма берді.