Мәжілістің жаңа сессияның бірінші жалпы отырысы өтті
Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы алдағы жұмысты талқылап, бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды.
Отырысты ашқан Мәжіліс төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында депутаттардың алдына қойылған міндеттерді жария етті. Оның барлығы өңірлердегі проблемалармен үндес екенін атап өтті. Бұл әрбір отбасының амандығы, тұрақты жұмысы, лайықты жалақысы, амандығы мен қауіпсіздігі, елдегі тыныштық, бейбітшілік пен келісім.
Мәжіліс төрағасы бірінші кезектегі міндеттер қатарында отандық өндірісті дамыту, инфрақұрылым мәселелерін шешу, халықтың қарыз жүктемесін азайту, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қолдау, Салық және Бюджет кодекстерін қабылдау, сонымен қатар цифрландыру, ғылым мен технологияны дамыту екенін айтты.
Суға қатысты мәселелерді толық шешу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, көлік-логистикалық секторды дамыту үшін Көлік министрлігі қайта құрылады.
Мәжіліс спикері Президенттің атом электр стансасын салу бойынша референдум өткізу туралы бастамасын стратегиялық шешімдердің бірі деп атады. Бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып және ол бүкіл ел тұрғындарының пікірін ескере отырып шешілетін болады.
Жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуовтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Депутаттар экс-мәжілісменді шығарып салып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Одан соң депутаттар бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Соның ішінде 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферт, қоғамдық бірлестіктер туралы, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасы мен ілеспе түзетулер, әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар және екі ратификациялық заң жобасы бар.