Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін теміржол билеттерін онлайн сатып алу жеңілдетілді
Ерекше қажеттіліктері бар адамдар ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) және мүгедектік туралы анықтама нөмірін енгізу арқылы онлайн жеңілдікті билеттерді ресімдей алады. Бұл жағдайда 6 таңбалы әлеуметтік ID кодын ұсынудың қажеті жоқ.
Атап кету керек, енді билеттерді сатып алу кезінде барлық деректер автоматты түрде тексеріледі. Бұл теміржол билеттерін сату жүйесін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректер базасымен біріктіру арқасында мүмкін болды.
Теміржол билеттерін онлайн режимінде bilet.railways.kz билеттерді сату жөніндегі ресми порталдан және «ҚТЖ билеттері» мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ т/ж билеттерін сату бойынша үшінші тараптың жеке интернет-сайттарынан сатып алуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін теміржол көлігінде жол жүруге жеңілдіктер қарастырылған:
- әлеуметтік маңызы бар маршруттар бойынша жол жүру құжаты құнының 50% мөлшерінде,
- Тальгоның коммерциялық бағыттары бойынша мамандандырылған купеде 70% мөлшерінде, оның ішінде еріп жүретін тұлға үшін.
Билеттерді сатудың электрондық жүйесін дамыту – «Жолаушылар тасымалы» АҚ қызметінің басым бағыттарының бірі.