Cемей-9°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.55 524.28 4.75

Қазақстандық ІТ-өнімдер халықаралық нарықта лидер бола алады

14-09-2023, 15:44 Думан Кенжеғазыұлы

Отандық IT-бизнес қарқынды дамып жатыр. Сұранысқа ие қазақстандық бағдарламаларды әзірлеу, IT-өнімдер мен сервистердің тұтас экожүйесін құрды. Kazdream IT-холдингінің негізін қалаушы Дәурен Төлебаев ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және «Атамекен» ҰКП басшысы Райымбек Баталовпен кездесуде ақпараттық-технологиялық саланың дамуы және Қазақстандық IT-шешімдердің экспорттық әлеуеті туралы айтты.

«Біз бес программист болып, жұмысымызды жалдамалы пәтердің ас бөлмесінен бастағанбыз. Қазір бізде 30-дан аса дайын ІТ-шешім бар, тағы 50-ден аса ІТ-өнім әзірлеп жатырмыз. Сондай өнімдер қатарында Kompra контрагенттерді тексеру сервисі, әуежайларда жолаушыларды байланыссыз және тез өткізуге арналған Q-Gate терминалы, Speech Lab қазақ және аралас қазақ-орыс тілдерін зияткерлік тану жүйесі», – деді Дәурен Төлебаев.

Спикер осыдан 10 жыл бұрын қазақстандық стартаптарға ешкім сенбегенін айтты. Индустрия дамуы баяу болады деген болжам да болды. Алайда мемлекеттік ынталандыру бағдарламалары арқылы ел ішінде ІТ-индустрия белсенді дамып жатыр.

«Біз қазақстандық ІТ-өнімнің сапасын мақтан тұтамыз. Менің ойымша, экспортқа белсенді шығатын кез келді. Мысалы, жақында мен Сингапурдағы көрмеден оралдым және сол көрмеде біз ТМД-дан келген жалғыз компания болдық. Дүние жүзі бойынша 20-дан астам көрмеге қатыса отырып, мен әр ел өз әзірлеушілерін қолдайтынын және олар бірыңғай делегациялар ретінде әрекет ететінін байқадым. Сонымен қатар, халықаралық көрмелерде «елдің стендтеріне» көп көңіл бөледі. Стендтерде елдердің озық шешімдері көрсетіледі», – деді Дәурен Төлебаев.

Спикердің айтуынша, IT-экспортын дамыту шеңберінде мемлекеттің тұрақты қолдауы маңызды. Қолдау жергілікті компаниялардың халықаралық көрмелерге жеке емес, мемлекеттік деңгейде қазақстандық, елдік стендпен қатысуына ықпал етеді.

Сонымен қатар компанияларды халықаралық келіссөздер мен іс-шараларға, мемлекеттік деңгейдегі ресми сапарларға қатысуға белсенді тарту экспорттың дамуына оң ықпал етеді.

Дәурен Төлебаев барлық ІТ компания атынан халықаралық клиенттермен келіссөздерді ұйымдастыру, серіктес іздеу және байланыс орнатуға жәрдемдесу үшін Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық миссиялары мен елшіліктерінен қолдау көрсетуді сұрады.

Қорытындылай келе, спикер қазір қазақстандық өнімдердің IT-индустрия лидерлердің бірі болу үшін барлық мүмкіндігі бар екенін айтты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив