Сенат төрағасы Вьетнам Ұлттық жиналысының депутаттарымен кездесті
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Вьетнам Ұлттық жиналысы депутаттарының делегациясымен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты және парламентаралық байланысты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Мәулен Әшімбаев шетелдік әріптестеріне ілтипат білдіріп, бүгінде Қазақстан мен Вьетнам арасында жоғары деңгейде сындарлы және өзара сенімге негізделген диалог орнағанын атап өтті. Алдағы уақытта екі елдің Мемлекет басшылары белгілеп берген өзара іс-қимылдың осы қарқынын әрі қарай жалғастырудың маңызы зор.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Вьетнамға ресми сапары екіжақты байланысты дамытуға тың серпін берді. Сапар аясында ынтымақтастықтың түрлі саласы бойынша маңызды құжаттарға қол қойылды. Парламентаралық ынтымақтастық екіжақты қарым-қатынастардың маңызды бөлігі екені сөзсіз. Бүгінгі кездесу аталған сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесі екенін де атап өткен жөн. Алдағы уақытта салалық комитеттер мен «Қазақстан-Вьетнам» достық топтарының депутаттары арасында тиімді байланыс орнату заңнамалық бағытта тәжірибе алмасу жолындағы нақты қадам болары анық», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Спикері өңіраралық даму аясында Қазақстанның облыстары мен Вьетнамның провинциялары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қатысты ұсыныс айтты.
Сонымен қатар кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың әлеуетіне назар аударды. Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында айтқан экономикалық реформаларға да тоқталып өтті. Мәулен Әшімбаев кешенді реформаларды іске асырудың нәтижесінде шетелдік инвесторлар үшін түрлі салада жаңа мүмкіндіктер пайда болып жатқанын тілге тиек етті.
Өз кезегінде Вьетнам Ұлттық жиналысы Төрағасының орынбасары Нгуен Хак Динь Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды жоғары бағалап, көпжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.
Суретті түсірген: Н. Байбулин