Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
494.87 520.65 4.91

Назарбаев Университеті әлемдегі ең үздік университеттердің 30% қатарына енді

28-09-2023, 17:26 Жұлдызай Кәкімова

Назарбаев Университеті (NU) 2024 жылғы Times Higher Education World University Rankings (THE WUR) рейтингі бойынша халықаралық зерттеу университеттерінің үздік 30% қатарына енді. 28 қыркүйекте жариялаған THE нәтижелері 100-ге жуық елдегі 1904 университетті бағалайды. NU бұл халықаралық рейтинг кестесіне алғаш рет қатысты. Небәрі 13 жыл ішінде әлемнің жетекші зерттеу университеттерінің үштен бірі қатарына қосылу – бұл маңызды кезең және халықаралық стандарттар бойынша көрнекті жетістік.

NU 501-600 аралығындағы позицияда орналасып, Қазақстан, Орталық Азия және Кавказ университеттер арасында үздік көрсеткішке ие болды. 2024 жылдың рейтингінде Қазақстанның 4 жоғары оқу орны ұсынылған, бұл тізімде Назарбаев Университеті көш бастап тұр.

NU Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Премьер-Министр Әлихан Смайылов: «Бұл әсерлі нәтиже Қазақстанның Назарбаев Университетін ел мен аймақ үшін әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті ретінде құру туралы шешімінің орындылығын растайды. Нәтиже Назарбаев Университетінің бүкіл қауымдастығының қажырлы еңбегін, таланты мен амбициясын көрсетеді. Бұл университеттің Орталық Азиядағы жоғары білім берудегі танымал көшбасшы ретіндегі ұстанымын растайды».

Қазіргі даму кезеңінде Назарбаев Университеті THE WUR рейтингіне жан-жақты, теңдестірілген бағалау әдіснамасы,  ғылыми қызметін және жыл сайынғы тәуелсіз сыртқы аудитпен дәлелденетін университеттердің тиімділігін бағалаудағы әділдік үшін артықшылық берді.

Университетті 12 жылдан астам басқарған NU Негізін қалаушы президенті Шигео Катсу бұл жетістікті университеттің дамуындағы маңызды кезеңі деп атады.

«Біз адалдық пен мінсіздік құндылықтарына негізделген күшті институтты құрған дарынды студенттер, профессорлар және қызметкерлерді ерекше мақтан тұтамыз. NU алдағы жылдары Қазақстан экономикасының дамуына үлес қосуды және тұрақты даму мәселелеріне, соның ішінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына назар аударуды жалғастырады,» - деп атап өтті Ш. Катсу.

2024 жылы жаңартылған бағалау әдіснамасына сәйкес университеттер 5 бағыттағы 17 көрсеткіш бойынша бағаланады: Оқыту (29,5%), Зерттеу ортасы (29%), Зерттеу сапасы (30,5%), Халықаралықтандыру (7,5%) және Өнеркәсіппен байланыс (4%),

NU-дың Орталық Азия және Кавказ аймағындағы университеттер арасында жетекші орынға ие болуы, ең алдымен, «Зерттеу ортасы» және «Зерттеу сапасы» критерийлері бойынша өте жоғары бағаларға байланысты.  Бұл санаттарға университеттің ғылыми-зерттеу саласындағы беделін бағалайтын көрсеткіштер, дәйексөздерге сілтемелер мөлшері бойынша дүние жүзіндегі басылымдардың үздік 10% құрамындағы ғылыми жарияланымдар саны және басқа да көрсеткіштер кіреді.

Соңғы бес жылда NU-дың дәйексөздерге сілтеме жасау саны индексі (FWCI) 1,34 болды. Бұл NU басылымдарына дүниежүзілік орташа көрсеткіштен 34%-ға артық сілтеме жасалғанын көрсетеді. Осы көрсеткіш бойынша университет Шығыс Азиялық Қытай, Жапония және Оңтүстік Кореядағы алдыңғы қатарлы университеттерімен бір қатарда.

NU «Халықаралықтандыру» критерийі бойынша да жоғары көрсеткішке ие болды. 2010 жылы университет құрылғаннан бері мұнда 58 елдің шетелдік оқытушылары сабақ береді, олардың ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Түркия және Ресейден келген оқытушылар көп. Сонымен қатар, NU талантты және білікті ұлттық кадрларды тартады, олардың көпшілігі шетелде білім алды. Бүгінде 33 елден 200-ге жуық халықаралық студенттер NU-дың әртүрлі бағдарламаларында білім алуда.

Назарбаев Университеті жаңа материалдар, биотехнология және медицина, энергетика және деректер ғылымы салаларында зерттеулерді дамытуда, бұл да жаңа экономикалық мүмкіндіктерге әкеледі. NU ғылыми зерттеулерді өзінің академиялық бағдарламасына белсенді түрде біріктіреді, бұл студенттердің ғылыми қызметке қатысу деңгейін айтарлықтай арттырады. Осылайша, NU ғылыми жарияланымдарының шамамен 23%-ында кем дегенде бір студент-автор бар.

Бүгінгі таңда университет 8500-ден астам түлектерді - студенттер, магистранттар, резиденттер мен докторанттарды дайындады. NU түлектерінің 2022 жылғы жұмысқа орналасу туралы есебіне сәйкес жұмыспен қамтылған түлектердің 90%-дан астамы (3593) Қазақстанда оқытушылықтан бастап өндіріске дейінгі барлық салаларда жоғары лауазымдарда жұмыс істейді. Оқуын жалғастыруға ниет білдірген түлектер бәсекеге қабілетті құзыреттердің арқасында әлемдегі ең үздік университеттерге түседі: Колумбия университеті, Гарвард, Массачусетс технологиялық институты, Сингапур Ұлттық университеті, Сеул ұлттық университеті, Стэнфорд және т.б.

Назарбаев Университетінің келесі стратегиялық мақсаты – 2030 жылға қарай THE Халықаралық рейтингі бойынша әлемдегі ең үздік университеттердің 20% қатарына кіру.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив