Cемей-6°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.55 524.28 4.75

Мәжілісте «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасы таныстырылды

2-10-2023, 13:55 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжіліс депутаттары жаңа редакциядағы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуге кірісті. Бүгін палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде Нұртай Сабильяновтың төрағалығымен негізгі және ілеспе заң жобаларының таныстырылымы өтті. Отырысқа Парламентаризм институтының, сараптамалық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ Парламентте өкілдігі жоқ саяси партиялардың мүшелері қатысты.

Депутаттар алдында сөз сөйлеген Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев заң жобаларын әзірлеу кезінде азаматтардың өтініштерін талдау мен мониторинг нәтижелері, тұтынушылардың құқықтарын қорғаумен айналысатын қоғамдық институттарының пікірлері мен ұсыныстары және әлеуметтік зерттеу көрсеткіштері, сондай-ақ халықаралық тәжірибе ескерілген. 

Вице-министрдің айтуынша, заң жобасына сәйкес тұтынушылардың арыз-шағымдарын қараудың қолданыстағы төрт сатылы алгоритмін өзгерту қажет.

«Бірінші кезеңде тұтынушы тікелей кәсіпкерге құқығының бұзылғаны туралы шағымдануға тиіс. Егер келіссөз сәтсіз болса және кәсіпкер шағыммен келіспесе, тұтынушы екінші кезеңге өтіп, міндетті түрде медиатрдың көмегіне жүгінуі қажет. Үшінші кезең – мемлекеттік органға шағымдану. Әкімшілік мемлекеттік органның жеке тұлғалардың арасында туындаған дауды шешуге өкілеттігі жоқ, себебі ол сот құзыретіне жатады. Бұл жағдай қарапайым азаматтар үшін қиындық туғызып отыр», – деді Қ.Балықбаев.

Заң жобасында Конституцияның ережесіне және логикаға сәйкес келмейтін бұл жүйені алып тастау ұсынылады. Аталған түзетулерді қабылдаған кезде тұтынушы өз құқықтарын қорғау тәсілдерін еркін таңдайды. Сотқа немесе әкімшілік құқық бұзушылық болған жағдайда заң аясында жауапқа тарту үшін мемлекеттік органға шағым беру мүмкіндігіне ие болады.

Сонымен қатар тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл институтын енгізу ұсынылып отыр. Ол шағымдармен айналысады, кеңес береді, осы саладағы мемлекеттік мекемелерді үйлестіреді және нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге қатысады.

Бұдан бөлек тұтынушылардың құқықтарын қорғау ережелері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы, байланыс, туризм, мәдениет, сауда және көлік салаларына да енгізілмек.

Заң жобасы құқықтары бұзылған және сотқа дейінгі кезеңде шешілмеген жағдайда тұтынушының пайдасына сот арқылы айыппұл салынып, кәсіпкердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін енгізуді көздейді. Айыппұл мөлшері тұтынушының талап қою сомасының 10 пайызынан 50 пайызына дейін құрайды. Шағым сомасы неғұрлым аз болса, айыппұл көлемі де жоғарыда көрсетілген мөлшердің аясында көп болады.

Ал онлайн саудаға қатысты жеке ереже қарастырылады. Вице-министр бұл жөнінде айта келе, 2023 жылдың 6 айында (4 795 өтініш) тұтынушылардың электрондық сауда сегментіне шағымдарының саны 2022 жылдың сәйкес кезеңімен (937 өтініш) салыстырғанда 411 пайызға өскенін атап өтті. Осыны ескере отырып, заң жобасымен шарттарда тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын және оларға қысым жасайтын талаптарға жол бермеуді бекіту, сондай-ақ құқықтық олқылықтарды жою, атап айтқанда, тауарларды сату мақсатында пайдаланылатын интернет-ресурстарды «сауда объектілеріне» теңестіру ұсынылады. Бұл өз кезегінде бизнес субъектілерін әкімшілік жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді. 

Ілеспе заң жобасында Азаматтық және азаматтық іс-жүргізу кодекстеріне, көлік, туристік қызмет, сауда қызметін реттеу, ақпаратқа қол жеткізу және табиғи монополиялар туралы заңдарға түзетулер енгізу көзделген.

Вице-министр баяндамасынан соң Мәжіліс депутаттары мен басқа да отырысқа қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Талқылау барысында түскен пікірлер мен ұсыныстар депутат Мұрат Әбенов бастаған жұмыс тобында қаралатын болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив