Сенаторлар Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімді талқылады
Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды талқылады.
Заңның мақсаты экономикалық өсуге жәрдемдесуді, өзара және сыртқы сауда-экономикалық байланыстарды ұлғайтуды көздейтін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер қол қойған келісімді ратификациялау болып табылады.
Келісімде Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы өзара сауда, инвестиция көлемін ұлғайтуға және экономикалық интеграцияны дамытуға жәрдемдесуге арналған халықаралық қаржы ұйымы болып табылатыны жазылған.
Келісімге сәйкес мемлекеттер мен халықаралық қаржы ұйымдары, сондай-ақ басқа мемлекеттер Компанияның жарғысында көзделген талаптар мен рәсімдерді орындаған жағдайда компанияға қатысушылар бола алатындығын атап өткен жөн.
Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңды Палата отырысында қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.