580-нен астам қоныс аударушы отбасылар экономикалық ұтқырлық сертификаттарын алды
Қазақстан Республикасының 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын іске асыру аясында биыл ішкі қоныс аударушылар үшін жаңа тетік – тұрғын үй сатып алу үшін материалдық көмек алуға мүмкіндік беретін экономикалық ұтқырлық сертификаты (бұдан әрі – сертификат) енгізілді. Бүгінгі таңда сертификаттар 583 отбасына берілді.
Сертификат бір рет өтеусіз және қайтарымсыз негізде тұрғын үй құнының 50% немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін беріледі.
Материалдық көмек Ұлттық банк бекіткен ипотекалық бағдарлама және (немесе) Үкімет бекіткен мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй сатып алу кезінде тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесі нысанында ұсынылады.
Тұрғын үйді меншікке сатып алу үшін сертификат алдын ала шарт немесе тұрғын үйді сатып алу-сату шарты болған кезде беріледі.
Тұрғын үй салу кезінде сертификат ҚР Жер және басқа да заңнамаларына сәйкес жеке тұрғын үйлер салу үшін меншігінде жер учаскелерінің болуын ескере отырып беріледі.
Сертификатты тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігі ретінде пайдалану үшін екінші деңгейдегі банктен тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы хат ұсыну қажет. Бұл ретте экономикалық ұтқырлық сертификаты келу өңіріндегі тұрақты тұратын елді мекенде ғана тұрғын үй сатып алу үшін беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, қоныс аударушыларға экономикалық ұтқырлық сертификатынан басқа, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:
1) Көшуге арналған субсидия – отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде бір реттік төлем;
2) Тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге арналған субсидия – ай сайын, 12 ай ішінде отбасы мүшелерінің санына және елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде;
3) Өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушіге кемінде 2 жыл мерзіммен тұрақты жұмысқа орналасу және тұрғын үймен қамтамасыз ету шартымен әрбір қабылданған қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі;
4) Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
5) Жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу.