Қазақстан «Орталық Азия – ЕҚЫҰ» Сыртқы істер министрлерінің Форумына қатысты
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Орталық Азия Сыртқы істер министрлері мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Бас хатшысының қатысуымен өткен Форумға қатысты. Бұл форум осындай форматта алғаш рет өткізілуде.
Іс-шара барысында қатысушылар ЕҚЫҰ аясында Орталық Азия мемлекеттері арасындағы шекаралық қауіпсіздік шараларын күшейту және трансшекаралық қатерлердің алдын алу, өңірлік өзара байланысты күшейту, сондай-ақ климаттың өзгеруі және оның салдарын жеңілдету бойынша бірлескен шаралар қабылдау саласындағы өзара іс-қимылдың маңызды аспектілерін талқылады.
Қазақстан СІМ басшысы еліміздің Ұйымды нығайтуға үлес қосуға және оның қызметіндегі қиындықтарды еңсеруге қолғабыс көрсетуге дайын екенін атап өтті. «ЕҚЫҰ көптеген басқа ұйымдарға қарағанда белгілі бір артықшылықтарға ие. Бірінші кезекте оның консенсус негізінде шешім қабылдаудың бірегей тәсілі бар», – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.
Қауіпсіздік мәселелерін талқылау барысында қатысушылар Ауғанстандағы жағдайдың дамуын ескере келе өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті және ЕҚЫҰ-ды осы елдегі гуманитарлық дағдарыстың алдын алу бойынша барлық күш-жігерді қолдауға шақырды. Осы тұрғыда Қазақстан Алматыда Орталық Азия және Ауғанстан үшін БҰҰ Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құруды белсенді түрде ұсынып келеді.
Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық арнайы блокта қарастырылды. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі Азия мен Еуропа арасындағы өзара тиімді сауда және инвестициялық өзара іс-қимыл үшін жаңа мүмкіндіктер ашатыны аталып өтті. Осыған байланысты Қазақстан Еуропалық Одақтың TEN-T (Трансеуропалық көлік желісі) жобасы шеңберінде Еуропа елдерімен әріптестікті кеңейтуге шақырады.
Форумға қатысушылар өзара байланыс ынтымақтастыққа, экономикалық өсуге және өңірлік тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін қазіргі кезеңдегі мемлекеттер дамуының маңызды құрамдас бөлігі болып отырғанымен келісті. Орталық Азияның бірегей көліктік мүмкіндіктері бар екені, шалғай нарықтарды байланыстыратын көпір рөлін атқаратыны аталып өтті.
Форумның өзекті тақырыптарының бірі климаттың өзгеруі болды. Қазақстан делегациясы қатысушыларды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың климат және жасыл энергетика мәселелері бойынша Алматыда Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құру туралы бастамасын қолдауға шақырды.
Сонымен қатар, сыртқы саяси ведомстволарының басшылары ағымдағы жылдың соңында Скопье қаласында (Солтүстік Македония) өтетін ЕҚЫҰ-ның алдағы Министрлік кездесуіне дайындық барысын талқылады.