Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
499.51 525.83 4.62

Қазақстан Мажарстанға өнім экспортын $700 млн-ға дейін арттыруға дайын — Әлихан Смайылов

3-11-2023, 10:09 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбан экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Тараптар энергетика саласындағы өзара іс-қимылдың өзекті бағыттарын, атап айтқанда, жаңартылатын көздерді дамытуды, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қалпына келтіру мәселелерін қарады.

Сондай-ақ транзиттік-көлік саласындағы, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын Трансеуропалық көлік желісімен байланыстыру жөніндегі қадамдар да талқыланды.

Әлихан Смайылов Мажарстан Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды сауда-экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 24%-ға артып, $172 млн-ға жетті.

«Біз тауар айналымын одан әрі арттыру үшін айтарлықтай әлеует бар екенін көріп отырмыз және қазақстандық өнімнің Мажарстанға экспортын 95 тауарлық позиция бойынша шамамен $700 млн-ға арттыруға дайынбыз», — деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, инвестициялық ынтымақтастық бағытында жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Мажарстан 2005 жылдан бері Қазақстанға $330 млн шамасында тікелей инвестиция салды. Тек 2021-2022 жылдары шамамен $75 млн-ға жуық инвестиция тартылды. Бұл барлық инвестицияның жалпы көлемінің шамамен ширек бөлігін құрайды.

«Бүгінде біздің инвестициялық қарым-қатынасымыз жаңа жобалармен толығып келеді. Мажарстандық «MOL» компаниясымен бірлесіп, аса ірі газ конденсатын шығаратын «Рожковское» кен орнын іске қосу жоспарланып отыр. Біз мажарстандық бизнесті инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға шақырамыз», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өтті. Мәселен, Мажарстанның ұлттық ақыны Шандор Петёфидің 200 жылдығын атап өту аясында Астанадағы көшеге ақын есімін беру туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ ол білім беру саласындағы ынтымақтастықтың айқын мысалы ретінде өзара студенттермен алмасу бағдарламасына 10 жыл толып отырғанын атап өтті. Бүгінгі таңда 1000-нан астам қазақстандық студент Мажарстанда білім алуда, бұл аталған бағдарламаның сұранысқа ие екенін көрсетеді.

«Елдеріміз арасындағы грант ұсыну жөніндегі ынтымақтастық бүгін қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандум аясында жалғасын табады. Бұл білім беру саласындағы біздің өзара байланыстарды жалғастыруға деген ұмтылысымызды айқындайды. Жалпы, біз ары қарай да сауда-экономикалық, сондай-ақ гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға қолайлы жағдай жасауға дайынбыз», — деді Әлихан Смайылов.

Виктор Орбан өз кезегінде Қазақстан мен Мажарстанның саяси байланыстары жақсы дамығанын, сондықтан енді экономикалық байланыстарды тереңдету мен кеңейтуге көбірек көңіл бөлу керектігін айтты.

«Сіздердің Президенттеріңіз мүмкіндігінше бірлесіп жүзеге асыруға болатын көптеген жобаны қарастыруымыз керек деген ұсыныс жасады. Тәжірибе көрсеткендей, бір-бірінен шалғай жатқан мемлекеттер қандай да бір флагмандық жоба арқылы экономикаға серпіліс жасай алады. Бұл басқа да шағын кәсіпорындарды ынтымақтастыққа тартуға көмектеседі. Ендігі міндет – қандай жобаларды жүзеге асыра алатынымызды анықтау. Біз аталған бағытта қарқынды жұмыс істей аламыз деп үміттенеміз», — деді Мажарстан Премьер-Министрі.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив