Қазақстан Шанхайда өткен ауқымды көрмеде өзінің инвестициялық, сауда және өнеркәсіптік мүмкіндіктерін таныстырды
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Шанхайдағы Қытайдың 6-шы халықаралық импорт көрмесіне (ҚХИК) қатысушы елдер делегацияларының басшыларымен бірге, онда ұсынылған Ұлттық павильондармен танысты.
Ұлттық павильон шеңберінде Қазақстан ауыл шаруашылығы, туризм, логистика, экспорт және инновация салаларындағы компаниялар мен жобалар арқылы кең ауқымды келушілерге өзінің инвестициялық, сауда және өнеркәсіптік мүмкіндіктерін таныстырады.
Австралия, Қытай, Куба және Сербия үкіметтерінің басшылары бар құрметті қонақтарға республиканың астық, май және басқа да азық-түлік өнімдерінің экспорттық әлеуеті, келешегі зор инвестициялық жобалар, теміржол бағыттарының желісі және туристік көрікті жерлер таныстырылды.
«Бүгінде еліміз бен ҚХР арасында қазақстандық ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін экспорттау бойынша 21 хаттамаға қол қойылды, бұл АӨК тауарларын Қытайға жеткізуді едәуір арттыруға мүмкіндік берді. Бұл ретте Қазақстан Қытай нарығына экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты көлемін кеңейте алады. Тек өсімдік майы мен күнжара бойынша экспорттық әлеует $300 млн-ды құрайды», — деді сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Ұлттық павильонның тұсаукесері барысында.
Оның айтуынша, қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда ірі қара, қой және құс етін өндірушілердің мүмкіндіктері зор.
Қазақстан мен Қытай арасында сауда логистикасы да табысты дамып келеді. Бүгінде теміржол және автокөлік жолдарын, авиацияны қамтитын маршруттық желі құрылды. Мысалы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік жол дәлізі жүктерді Еуропаға 10-12 күнде жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Қазақстан халықаралық маңызы бар көлік-логистикалық торапқа айналу үшін елеулі күш-жігер жұмсауда. 2014 жылдан бері Ляньюньган портында қытайлық серіктестермен бірлесіп құрылған логистикалық терминал жұмыс істейді. 2023 жылдың мамыр айында Сиань құрғақ портында қазақстандық терминалдың құрылысы басталды.
Елімізде алдағы үш жылда 1300 шақырым жаңа теміржол салу, Қытаймен шекарада 3-ші теміржол өткізу пунктін ашу, «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ порттарын салу жоспарланып отыр. Яғни, Қазақстан Еуропа мен Таяу Шығыс бағытында жүк тасымалдауға белсенді түрде қолайлы жағдайлар жасауда.
Сонымен қатар делегация басшылары Kazakh Invest және Kazakh Export компаниялары, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Astana Hub технопаркінің және т. б. қызметімен танысты.
«АӨК-тен инновацияға дейін» коммерциялық павильоны аясында көрмеге 30-дан астам қазақстандық кәсіпорын, оның ішінде азық-түлік, ұн, сүт және алкоголь, кондитерлік және макарон өнімдерін, бал, тұз, ауыл шаруашылығы жануарларына арналған аралас қоспаларды өндірушілер қатысуда. Олардың қатарында «Баян Сұлу», «Маревен Фуд Тянь-Шань», «Мибеко», «Алматы продукт», «Сұлтан Маркетинг», «Евразия Инвест», «Өскемен май зауыты», «ДЕП», Бахус» сияқты және т.б. компаниялар бар.
«Маревен Фуд Тянь-Шань» компаниясы жылына 47 мың тоннадан астам дайын өнім шығарады, оның ішінде тез дайындалатын кеспе, макарон өнімдері, картоп пюресі, дәмдеуіштер, сусындар мен тағамдар бар.
Компания өкілі Мирас Қилыбаевтың айтуынша, отандық азық-түлік өнімдері ел ішінде де, жалпы Орталық Азияда да танымал. Сонымен қатар қытай нарығы кәсіпорын үшін стратегиялық қызығушылық тудырып отыр.
«Біз осындай ауқымды шараға қатысқанымызға қуаныштымыз. Бізде Қытаймен сауда қарым-қатынастарын табысты дамыту үшін барлық ресурстар: қысқа логистикалық қашықтық, жоғары сапалы өнімдердің лайықты ассортименті бар және инфрақұрылымға инвестиция салуға дайынбыз», — деді ол.
«Евразия Инвест» көрмеге алтыншы жыл қатарынан өз өнімдерін – кептірілген түйе және бие сүтін ұсынып отыр. Компания өкілі Меруерт Рахымбердиева атап өткендей, ЭКСПО көрмесінің арқасында компания Қытайда тұрақты серіктестермен іскерлік байланыс орнатты.
«Қытайда түйе сүтіне сұраныс жоғары. Қытайлық тұтынушылар өнім сапасына жоғары талаптар қояды. Неміс кептіру технологиясы сүттің барлық пайдалы қасиеттерін сақтауға және өнімнің сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді ол.
Қазақстандық коммерциялық стендті аралау барысында делегация басшылары отандық кәсіпорындардың өнімдерімен және ұсыныстарымен жан-жақты танысты.
Айта кету керек, соңғы 5 жылда Қытайдың халықаралық импорт көрмесіне Қазақстаннан 133 компания қатысып, соның арқасында құны $260 млн-нан астам сомаға тиімді экспорттық келісімшарттар жасалды.
Анықтама: Қытайдың халықаралық импорт көрмесі ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бастамасымен жыл сайын 5-10 қараша аралығында өткізіледі. Көрменің негізгі мақсаттары – сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды жандандыру, сондай-ақ шетелдік тауарлар мен қызметтер үшін Қытай нарығын ашу. Сарапшылар мұны Қытайға «терезе» деп атайды. Биылғы көрмеге 69 ел мен 3000 компания қатысты.