«Turan» ансамблі Түркия және Балқан түбегі елдеріндегі гастрольдік сапарын сәтті аяқтады
«Turan» қазақ этно-фольклорлық ансамблінің концерттері Анкара, Сивас,
Кайсери, Кония, Денизли, Эскишехир,Трабзон, Сараево, Кишинев, Белград, Златибор және Загреб қалаларында аншлагпен өтті.
Гастрольдік концерттер Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен демеушілердің қолдауымен өтті. Айта кетейік, концерттердің көбісі қайырымдылық мақсатында өтті. Әр қалада музыканттарды жанкүйерлер армиясы қарсы алды.
«Жаһандық деңгейдегі қазақ музыкасы жер шарының түкпір-түкпірінде өз жанкүйерлерін жинағанына таң қалдық және қуандық. Концерттердің билеттері жарты күнде сатылып кетті, сонымен бірге шетелдің әлеуметтік желілерінде біздің гастрольдік сапарымыз туралы жазылып жатты», - деп атап өтті әртістер.
Түркиядағы концерттен кейін қазақстандық шығармашылық топ әлемдік гастрольдік сапарын Балқан түбегі елдерінде: Босния және Герцеговина, Хорватия, Сербия және Молдовада жалғастырды.
Гастрольдік сапар барысында әртістер 17 мың шақырымнан астам жол жүріп, 13 концерт берді, оған 15 мыңнан астам көрермен қатысты. «Turan» ансамблінің 15 жылдық мерейтойлық әлемдік турнесі АҚШ-та жалғасады. Сондай-ақ әртістер жаңа мерейтойлық альбоммен жұмыс істеп жатқандарын хабарлады.